Қазақ халқының қалыптасқан салт-санасы, әдет дәстүрлері сан ғасырларды аралап бізге жеткен – тәлім-тәрбиенің қайнар көзі. Солар арқылы әрбір жас ұрпақ өзінің таным-түсініктерін әлемдік санамен ұштастырып, алдыңғы ұрпақ жетпеген арманға, шығатын биікке жеткізеді деп армандаған бабаларымыз. Осы қағиданы мықты ұстанған халық баланың тәрбиесін отбасынан бастаған. Тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін, бабалар мұрасын, аналар тілегін орындаған адам бақытты өмір мұхитына сапар шегетінін олар жақсы білген. Осыған байланысты Елбасымыздың көтеріп отырған «Мәңгілік ел» идеясының басты мақсаты – ата-баба мұрасынан сусындаған қазақ елінің тәрбиелі азаматтарын тәрбиелеп қалыптастыру.
Қазақ халқының ұрпақ тәрбиесіндегі озық тәжірибесі туралы орыс жазушысы, этнограф В.И.Даль 1832 жылы күнделігіне: «Мидай дала, ешбір мектеп, кітап жоқ айнала қараңғылық, бірақ жастары өте ғажайып, мәдениетті тәрбиеленген» -деп жазса, М.О.Әуезов: «Бала ата-ананың тағылымымен – өседі» деген. Ұлы Абай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, дүниедегі жақсы мен жаманды тани отырып, білгені, көргені көп білімді адам болып қалыптасады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» – деген 19-шы қара сөзінде.
Психолог Л.С.Выготский: «Бала дүниеге келісімен әлеуметтік, қоғамдық тіршілік иесі болып саналады, оның өсіп-жетілуі үшін ересектермен қарым-қатынасқа түсуінің маңызы зор, осы арқылы бала білім мен әлеуметтік тәжірибені меңгереді». Ерікті, үйлесімді, шығармашылық қабілеті бар, өзін-өзі жетілдіруге ынталы, бәсекеге төтеп бере алатын азаматтарды қалыптастырудың қоғам өмірі үшін маңызды мемлекеттік мәселе болып табылады. Бала отбасы мүшелері арасындағы жарасымды, үйлесімді, әділетті қарым-қатынастарды игере отырып, үлгі-өнеге алады. Отбасында баланың жауапкершілігі мен өзгелерге достық, ар-намыс сезімдерінің оянуы ата-ана тәрбиесінің ықпалы. Ата-ана және басқа ересектер өскелең буынға тек жеке бастарының өнегесімен, іс-әрекеттерінің үлгісімен ықпал жасай алады. Ата-аналар ұнамсыз жайларға тіпті уақытша болса да бой алдыруына жол бермеуі тиіс. Өйткені күйкі көріністің ықпалы лезде тамыр жайып, баланың бойына теріс мінез болып қалыптасуы ықтимал. Ата-бабаларымыз ұрпағын ер-жігітке кедергі болатын жалқаулық, аңқаулық, жасқаншақтық, өтірік-өсек айтып, алдап-арбау сияқты жағымсыз қасиеттерден аулақ болуға тәрбиелеген. Сонымен қатар олар жан-тәнімен, қанымен қорғаған жерімізді, елімізді, Отанымызды, тілімізді сақтай отырып өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік қасиеттерге баулыған.
R-ақпарат