Үлгілі отбасын құрып, адал ұрпақ өсіру – кімнің де болса, ең бірінші алға қойған үлкен мақсаты әрі асыл арманы болса керек. Жастайынан кері идеологияның ықпалына ұшыраған не психологиялық өзгешелігі бар адам болмаса, дені осы пікірді жақтайтыны анық. Әлемдік тарихта ойып тұрып орын алып, саясат әлеміндегі талай мықтыны еріксіз мойындатқан әрі өзін «темір ханым» атандырған 1979-1990 жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі болған әйгілі Маргарет Хильда Тэтчерден бір журналист «Өмірдегі ең үлкен жетістігіңіз не?» деп сұрағанда, ол ойланбастан «Отбасын құрып, ана болғаным» деген екен. Демек, отбасы – барлық адамзат қоғамы үшін теңдесі жоқ құндылық. Алайда, осы бір отбасы болудың өзіндік тарихы мен даму ерекшелігі бар. Сондықтан отбасы мәселесі ежелгі заман ойшылдарынан бастап бүгінгі ғалымдарды да бейжай қалдырған емес.
Отбасы мәселесін жан-жақты қарастырып, оның түпкі мәнін шешу үшін көптеген ойшылдар мен ғалымдар барынша ізденіп, тұңғиық ойдың тереңіне ұмтылды. Мәселен, әлемнің бірінші ұстазы атанған Аристотель «Отбасы – адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол – мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған. Ал классикалық неміс философиясының өкілі Э.Кант отбасы мәселесін қарастыра отырып, ондағы адамдардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл бөлген. И.Фихте «Отбасының негізі – махаббат» десе, Г.Гегель бірінші болып отбасы мен некенің тарихи формаларын көрсеткен.
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап отбасына деген тарихи көзқарастарға байланысты ғылыми ізденістер көптеп жасалып, оның қалыптасу жолы туралы теориялар толықтырыла түсті. Оның қатарында 1877 жылы шыққан Л.Морганның «Ежелгі қоғам» атты кітабы бар. Онда отбасының тарихы, некелік қарым-қатынастар мен экономикалық, әлеуметтік дамуы және қызметін қарастырды. Одан кейінгі уақыттарда отбасы туралы маркистік философтар да көптеген еңбектер жазды. Соның бірі – Ф.Энгельстің 1884 жылы шыққан «Отбасының, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» атты еңбегі. Мұнда Ф.Энгельс жанұяны тарихи категория ретінде қарап, ондағы формалардың байланысын, даму жолдарын көрсетті.
Сонымен бірге, француз ағартушысы Ж.Ж.Руссо, швейцарлық ойшыл И.Г.Песталоцци, орыс педагогтары К.Д.Ушинский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко,т.б. тұлғалар өз еңбектерінде отбасы тәрбиесін жан-жақты талдады. Тіптен отбасын қалай құру туралы ежелгі грек ойшылы Платон да «Адамдар отбасын құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай отбасынан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет» деген өрелі ой айтқан екен.
Ф.Энгельс жоғарыда аталған еңбегінің кіріспесінде қоғамның материалистік ұғымына сәйкес тарихтағы шешуші күш сайып келгенде өмірді тікелей өндіру және ұдайы өндіру екенін айта келіп, отбасылық өндірістің екі түрлі болатынын көрсетеді. Отбасы ретінде адамдар бірінші жағынан тіршілік қажеттіліктерін, яғни, азық-түлік, киім-кешек, баспана және оларды жасау үшін қажетті құралдар өндірсе, екінші жағынан адамның өзін өндіреді. Түсінікті тілмен айтқанда ұрпақ өсіріп, артына із қалдырады.
R-ақпарат