Ол әрбір адам баласының кішігірім отаны. Отбасы – өмірдің мағынасы, мәні мен сәні. Жалпы, қазағымыз қашан да отбасы беріктігі мен шаңырақтың шайқалмауын жоғары қойған. Босағаның берік, керегенің кең, шаңырақтың биік болуын іргелі елдіктің негізі деп ұққан. Ата-бабаларымыз отау құрса, өле-өлгенше бір шаңырақта өмір сүрген. Тіпті ол кездері, болашақ жарын бұрын соңды көрмей, ата-анасы құда түсіп үйлендіретін де болған.Ал енді, әркім өз қалауымен, сүйген адамына қосылуға толық еркіндік берілген қазіргі қоғамда ажырасушылар қатары жыл өткен сайын көбейген үстіне көбейіп барады. Осыдан бірнеше жыл бұрын әрбір төртінші ерлі-зайыпты екі жаққа кететін болса, қазір әрбір екінші немесе үшінші жұп ажырасады екен. Бұл адам жанын түршіктіретін, болашағымызды бұлыңғыр ететін дүние.
Өмір болған соң, шыны-аяқ сылдырламайтын отбасы жоққа тән. Мұндайды қазақы менталитет жұртқа дабыра қылмай, отбасы-ошақ қасындағыны сыртқа шығармайтын. Қазір отбасындағы кикілжіңнің құқық қорғау қызметкерлерінің көмегінсіз шешілетіні кемде-кем. Себебі, ерлі-зайыптыны бір-бірінен бездіретін, ажырасудың ауылын сездіретін себептердің бірі-ащы суға құмарлық, жеңіл жүріс сынды аты да, заты да қорқынышты әдеттер. Қазір тіпті еркекті былай
қойып, араққа салынған әйелдер де отбасының берекесін қашыруда. Ұйытқы болар ана, тәрбие берер әке зиян әдеттерімен өз бастарының күйін күйттеп жүрген отбасында қандай ұрпақ өсіп-өнеді?
Тәжірибемнен байқағаным, некені бұзуға арызданатындардың көбісі жастар және 80-90 пайызының кәмелет жасқа толмаған бір немесе бірнеше балалары бар. Ажырасушылардың әрқайсысы әрқалай себептерді алға тартады. Бірі күйеуін кінәләса, енді бірі әйелін кінәләйді. Жараса алмадық, мінезіміз үйлеспеді дейтіндер де бар. Енді бірі күйеуім ішеді, жұмыс істемейді дейді.
Ертеректе аталарымыз бен әжелеріміз жоқшылық пен тоқшылықты көрсе де, ажырасу туралы ойламаған. Себебі, қазақта ажырасу деген ұғым ешқашан болмаған. Текті қазақтың тәрбиесі оған жол бермеді. Ал бүгінде қалай? Аға буын көрген қиындықтың біреуін бастан кешпеген жастар қит етсе, ажырасуға асығады. Сонда баяғы махаббат қайда? Ата-ананың абыройы қайда? Екі ортада көздері жасқа, жүректері мұң-шерге толы тірі жетімдерді кім аямақ? Отбасы байлығы ол адамдарының саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде. Әрбір тұлға өз отбасын жақсы көретіндігі сөзсіз.
R-ақпарат