Соңғы уақыттарда қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріндегі өзгерістер отбасының қызметтеріне де ерекше өзгерістер алып келді. Мысалы, отбасының бақылау жасау қызметі үлкен өзгерістерге ұшырап, отбасылық-некелік қатынастарда ауытқыған мінез-құлық үлгілеріне шыдамдылықпен қарау, некеден тыс бала туу, ерлі-зайыптылардың бір-біріне тұрақты болмауы сияқты келеңсіз жағдайлар орын ала бастады. Ажырасу әдеттегідей үйреншікті жағдай ретінде қабылданатын болды. Отбасының мәдениеті жоғары болған сайын қоғамның да мәдениеті жоғары бола береді. Өйткені қоғамның өмірі де отбасының өміріне тән рухани және материалдық процестермен сипатталады. Жаһандану, индустрияландыру және урбандану процестері қазіргі адамның ойлауына жағымды ғана емес, сонымен бірге жағымсыз тұрғыдан да әсер етіп, бала тәрбиелеудегі дәстүрлі, ұлттық құндылықтардың рөлінің төмендеуіне, мәдени бірегейліктің қалыптасуының бұзылуына алып келуде. Отбасында ер кісілер мен әйелдердің атқаратын рөлдеріне қатысты көзқарастардың өзгеруі, ата-аналардың өз міндеттерін тек ақша табумен байланыстырып, балаларға көп көңіл бөлмеуі қазіргі отбасыларда балалардың басқа адамдармен өзара қарым-қатынас жасау, диалогтық байланыс орнату дағдыларының бұзылуына әкеліп, әлеуметтік ортадағы рөлдік байланыстардың дұрыс қалыптасуына кедергі келтіруде. Отбасындағы ата-ана мен бала арасында қалыптасқан қарым-қатынас қоғамда да белгілі бір қарым-қатынас түрлерінің таралуына әсер етеді. Егер де бұрынғы уақытта ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынас тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер арасындағы қарым-қатынас түрінде көрінетін болса, онда қазіргі уақытта олар серіктестікке негізделген қарым-қатынастар түрінде көрінеді. Қоғамда әлеуметтік серіктестікке негізделген көзқарастардың, технологиялардың орын алуына орай, «ер кісі мен әйел адам», «үлкен мен кіші», «ата-ана мен балалар» сияқты иерархиялық қарым-қатынастарға негізделген ұлттық құндылықтары бар дәстүрлі тәрбиені сақтап қалу да оңай болмай тұр. Отбасы мүшелерінің саналылығы, жауапкершілігі – ондағы қарым-қатынасты жетілдірудің бірден-бір кепілі. Қоғамның даму перспективасы өз мүшелерінің бойында сенімділікті, ұйымшылдықты қалыптастырып, жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелейтін отбасылардың дамуымен тығыз байланысты. Ерлі-зайыптылар арасындағы қатынастарды бұзатын отбасылық мәселелер әлеуметтік мәртебесіне, материалдық жағдайына қарамастан әрбір отбасында орын алуы мүмкін. Қоғамда дағдарыстық жағдайлардың орын алуының созылып кетуі, адамгершілік-материалдық құндылықтар жүйесінің күйреуі психологиялық көмектің көп адамдарға керек екендігін көрсетеді. Сондықтан да қазіргі уақытта әлеуметтік сала мамандарына деген қажеттілік өте жоғары.
R-ақпарат