• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Отбасындағы зорлық зомбылық

Автор:admin

Окт 1, 2022
Spread the love

Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне етек алған маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар.
Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе. Бұған Президентіміздің өзі тереңірек мән беріп, «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді…» деп тұжырымдауында үлкен мән жатыр. Әрбір әйел-ана отбасының ұйытқысы.
«Отбасы мүшесінің заңды құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсететін, оның тәнін немесе жан дүниесін қинап, моральдық зиян келтіретін отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне кез-келген қасақана іс-әрекеті отбасындағы зорлық-зомбылық болып танылады. Өкінішке орай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес.
Оған айғақ отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы әйелдерге сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және жеке тұрғын үй немесе пәтер шегінде жасалған олардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттерге қатысты істер санының азаймауы.
Жаратылысынан жүрегі кең қазақ әйелі төзімділігімен ерекшеленеді. Өзі қандай қиыншылыққа тап болса да, қанша қысым, моральдық зардап шексе де кешіріммен қарайды, отбасының бірлігін ойлайды. Көп жағдайларда қазақ әйеліне тән бұл қасиет оны отбасындағы қорлық пен кемсітушілікті сыртқа шығаруға да жол бермейді. «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қалады. Осыны пайдаланған кейбір пасық жандар отбасындағы теріс іс-әрекеттерін жалғастырып келеді.
Ондайларға сот қаулысымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» Заңын басшылыққа алып құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан азаматтарымыз ар-ождан бостандығымен қамтамасыз етілуі тиіс. Елбасымыз айтқандай өз бетімен дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін қандай да бір іс-әрекетке қарсы тұратын уақыт жетті. Кейбір әйелдер үшін өзінің ошағы көшеден де қауіпті. Егер сізге осы уақытқа дейін күйеуіңіз тарапынан қиянат жасалған болса, онда сіздің өміріңіз қатер үстінде. Зорлық-зомбылықтың құрбанына айналмас үшін, өзіңіздің қауіпсіздігіңіз туралы ойланыңыз.
Отбасындағы зорлық-зомбылық – қоғамның өзекті әрі өткір мәселесінің бірі. Алайда, осы мәселенің шешім табуы құқықтық, әлеуметтік және экономикалық шараларды бір уақытта қабылдаған жағдайда ғана мүмкін болмақ.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика