Жай ғана жұмыс істеп, мәңгі уақыт таппауға да болады. Шаршап келіп, теледидар алдында отыруға да болады. Түсініңіз, отбасылық дәстүрлерді өзіміз құрып, оны сақтауға және жалғастыруға болады. Отбасында ұлттық салт-дәстүрлер болғаны қандай жақсы! Өйткені, олар өзінің қайталанбас және бірегей әлеміңді құруға мүмкіндік береді. Отбасылық ұлттық салт-дәстүрлер бүкіл ата-бабалық ұрпақты біріктіреді. Ал сіз үшін отбасындағы ұлттық дәстүрлер мен салт жоралар қандай мағынаны білдіреді? Сіз отбасылық тұрмыс салттың сақталуымен мақтана аласыз ба? Ең болмағанда, бір минутқа ойланып көріңізші… Әрбір отбасының қалыптасқан әдет-ғұрпы, ата дәстүрі болады. Сонымен бріге жалпы қазақ отбасына ортақ ұлттық дәстүрлер де бар. Оларды атап өтсек мыналар: жасы кішілер үлкендердің атын атамай, ата-әже, әпке,аға, әке деп сыйлап қарым-қатынас жасауы, сондай-ақ жасы кішілер үлкендердің, әсіресе қариялардың алдын кесіп өтпеуі, отбасы мүшелерің бірін-бірі ренжітпеуі, әрқайсысының шама шарқынша іс атқаруы. «Ұлдың ұяты-әкеге, қыздың ұяты-шешеге» деп қараған халқымызда ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, ал қыз баланы тәрбиелеу әжелер мен аналардың міндеті болып саналған. Ұлы Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан». Сондықтан қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана бала тәрбиесіне мән берулері тиіс. Ұрпақтар сабақтастығы тек осылайша жалғасын таппақ. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік. Ата-ана, ұстаз, қоғам – үшеуі, тәрбиеге болар басты өлшем. Бір тұтасып, біріктірсе күштерін тәрбиенің үш мектебі адамның мінез-құлқын қалыптастырып, адамгершілік болмысын жетілдіреді. Тұғыры берік елдің отбасы да берік болады, отбасы қазығы нық қағылса, шаңырағы берік тәрбиеленер ұрпағы да өнегелі болмақ дегім келеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет», деп атап көрсетті. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туа бітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Ендеше, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, ел болып, ұлт болып қаламыз десек, «Ұлттық тәрбие» бастауын отбасы ошақ қасынан бастауымыз қажет деп есептеймін. Қай қоғамда өмір сүрмейік, ұрпақ – ол біздің болашағымыз,жарқын күндеріміз.Сондықтан болашағымызды қазіргі сәттен жақсы тәрбиелесек, ертеңгі күнімізге сеніммен басуға болады деп нық айта аламыз.
R-ақпарат