Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов аймақтық кеңес мүшелерін 21 мамыр мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.
«Партияның Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесі бірінші кезекте «Халықпен бірге!» атты бес жылдық қалалық сайлауалды бағдарламаның іске асырылуына бақылау орнатып келеді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, «Ұлттық мұра» жобасы аясында іс-шаралардың өтуіне атсалысуда. Отандық мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша мәдениет қызметкерлеріне зор алғыс айтамын. Құрметті әріптестер, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Сіздерге сарқылмайтын шабыт пен өнер жолында жаңа табыстар тілеймін», -деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Отырыс барысында филиал төрағасы, «AMANAT» партиясы филиал жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы қызметіне оңтүстік жұртына танымал, мәдениет пен руханият саласында қаламызға еңбегі сіңген Момбек Әбдіәкімұлы Партияның Саяси кеңес бюросының қаулысымен бекітілгенін атап өтті. Алдағы жұмыстарына сәттіліктер тіледі.
Айта кетейік, алдағы бес жылда «AMANAT» партиясы азаматтардың мәдени әлеуеті мен қажеттіліктерін іске асыру үшін жаңа мәдени нысандардың инфрақұрылымын құруға және дамытуға ықпал ететін болады. Мәселен, Б.Майлин атындағы 150 орынды балалар шығармашылық орталығы салынып, конгресс-холл қолданысқа беріледі. Қайнарбұлақ, Базарқақпа, Көкбұлақ, Өтеміс мәдениет үйлері салынып, опера және балет театры бой көтереді.
Сайлауалды бағдарламаның орындалуы нәтижесінде қалада бірқатар мәдени нысандардың саны артып, сапалық көрсеткіші ұлғаяды.