Бүгін қасиетті Рамазан айына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ақордада және еліміздің барлық өңірлерінде ауызашар өткізілді. Шымкент қаласындағы ауызашар дастарханына шаһардың зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, ғалымдар, өнерпаздар мен мәдениет саласының мамандары, танымал спортшылар мен әртүрлі салада қызмет атқарып жүрген қарапайым еңбек адамдары қатысты.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов көпшілікті қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Қала әкімі өз сөзінде Рамазан – күллі мұсылмандар үшін ерекше маңызға ие қасиетті ай екенін, бұл айда Исламның ең басты құндылықтары – жақсылық пен мейірімділікті, ізгілік пен сабырлылық дәріптелетінін атап өтті. Бұл құндылықтар еліміздің бірлігін бекемдей түсуге және жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке баули отырып тәрбиелеуге оң ықпал ететіні айтылды.
Мұсылмандар .шінҚасиетті айда жастарға дұрыс бағыт-бағдар берілуі керек екенін, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл жастар ғана келешектің иесі болатыны айтылды.
Бұл – күллі мұсылман қауымы үшін рухани тұрғыдан жаңару кезеңі. Сондай-ақ, Ораза айында өзара сыйластық пен мейірім, ізгілік пен кешірім сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі. Жұрт көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық көрсетуге, сауапты іс атқаруға ұмтылады.
Ислам дінінің осындай мызғымас рухани құндылықтары мен жасампаздық әлеуеті қоғамымыздағы бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Президенттің пікірінше, жастарымыздың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, қазіргі заманның ғылым-білімін игеруі айрықша маңызды.
Айта кетейік, Шымкент қаласының әкімдігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігімен бірлесе отырып жыл сайын мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуді ұйымдастырып келеді. Бұл игі шара биыл да жалғасын тапты. Шаһар басшысы осынау қасиетті айда сауапты іске атсалысып, қайырымдылық жасаған азаматтарға алғыс айтты.