Білім мен ғылым қазіргі таңда және болашақтағы қоғамды дамытатын негізгі күш болып табылады, яғни қазіргі жастарымыз бәсекеге қабілетті тұлға болуы керек. Ол үшін ең алдымен бәсекеге қабілетті тұлға білімдіжәне сонымен бірге міндетті түрде тәрбиелі де болуы қажет. Осы тұста жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін ғұлама ғалым, ойшыл, философ Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген басты қағиданы ұсынған болатын. Бұл қағиданың қазіргі таңдағы өзектілігі зор. Өткен ғасырларда адамзат ілімінің дамып, ақыл мен ой парасатының жетілуі, оқудың қажеттілігін айтып, білім алудың маңызын анықтаған ғұламалардың бірі Әбу Насыр Әл-Фараби. Ол өз еңбектерінде еңбек тәрбиесі мен оның теориясын жасаушылардың бірегейі екені мәлім. Әр кезеңнің ұрпақтарына әрқилы, уақытына сай жағдаяттар мен себептерге байланысты әртүрлі атаулар беріп отырған. Мысалы, сексенінші жылдардың ұрпақтарын «қайта құру» балалары деп жатса, тоқсаныншы жылдары дүниеге келген азаматтарды «тәуелсіздік құрдастары» немесе «Х буыны» дейді, ал екі мыңыншыларды жаңа заман буыны «нөлдік кезең балалары» немесе «миллениум ұрпағы» деп атап жатады, яғни жаңа техника мен ақпараттың дамыған дәуірінің құрдастары. Бұлай дегені, қағаздан гөрі компьютерге жақын ұрпақ дегені болар бәлкім. 1986 «Қайта құру» жылы дүниеге келдім, бұл жылы КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға «Желтоқсан көтерілісі» болды. Көтеріліске қатысқан жастардың бойындағы батырлық, қайсарлық, өжеттілік қасиеттері қазіргі әрбір жастың бойында болу керек. Осындай тарихы терең, көркем елдің азаматы болғаныма, «Қазақ» деген батыр халықтың ұрпағы болғаныма мақтанамын. Көк туымыз көкте желбіреп, қыран құсымыз қалықтап ұшқанда, қазақ елінің беделі асқақтап, ынтымағы мен берекесі арта бермек. Жастар деген кім? Әрине, ол мен, сіз, біздер. Жастар – бұл мемлекеттің негізгі тірегі бола отырып, болашақта ел басқаратын ұрпақ өкілдері. Әрине, еліміздің келешектегі арайлы таңының пердесін тек белсенді жастар ғана аша алады. Барлық уақытта жастар халық арасындағы ең озық бөлігі болып есептелінген. Олар әрқашан қоғамдағы оң өзгерістердің алдыңғы қатарында болды. Негізінен, жастар – мемлекеттің стратегиялық қоры. Олар дамудың жасампаздық қуаты мен ұлттық күшін жинақтап, дамыта алады. Ол үшін
Жастар қандай болу керек?
- Менеджер
- Білімді, білікті маман
- Жаңашыл
- ІТ маман
- Кәсіби шебер
- Ұйымдастырушы
- Коммуникативті.
Бір сөзбен айтқанда, «Өз ісінің мән – жайын жетік білетін маман» болу керек. Осындай маман болу үшін алдымен педагогикалық менеджментті меңгеру керек деп айтамын.
Қазіргі білім берудің жаңашыл бағытының өзгеруі, қоғамға жоғары білімді, рухани – адамгершілігі мол, өздігінен шешім қабылдай алатын, ынтымақтастыққа қабілетті, бейімділігі мен жауапкершілік сезімі биік адам қажет. Бұған жету үшін басқаруды дамытуға бағытталған модел, ол — педагогикалық менеджмент.
Педагогикалық менеджмент адамдардың өзін – өзі дамыту, еркіндік және шығармашылығын дамыту. Жаңашылдық ықпал үздіксіз интеллектуалды, рухани білім алу, өзімізді дамыту, жетілдіру.
П.ғ.к., доцент Ш. Майғаранованың «Рухани дамыту мәселелері» атты мақаласында:
«Рухани тәрбие адамның ізгілік, имандылық ұстанымдарын тәрбиелеп, адамның ақыл-ойы мен іс-әрекеттерін жүрек арқылы ізгілік мұраттарға бағыттап, өмірдің күрделілігін түсінуге рухани көзқарас қалыптастырады. Әр адам өзін рухани жетілдіру үшін өзін-өзі тәрбиелеуге, өздігінен білім алуға, өздігінен оқуға ұмтылуы тиіс. Өзін-өзі тәрбиелемей жеке тұлға қалыптаспайды. Өзін-өзі тәрбиелеу барысында адам өз білімін, сана-сезімін, дүниеге көзқарасын кеңейтеді», — деп айтқан.
Мен өз білімімді жетілдіріп отыру үшін, жұмыс жасап отырған мекемем педагогтердің біліктілігін көтеретін арнайы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтына жіберді. Онда өз мамандығым бойынша курстық оқуды оқып, сертификат алдым. Біліктілікті көтерудегі негізгі міндет – әдістемелік сауаттылық. Яғни әр жас маманның ағартушылық, құзырлылық, зерттеушілік мәдениеттерін ашу, қалыптастыру, дамыту.
Қазіргі жастар яғни біз өзіміздің алған рухани білімімізді жетілдіру мақсатында түрлі ақпарат көздерінен алған деректерді қорытып, тәндік жаратылыс пен жандық жаратылысын түсіне білуіміз керек. Ол үшін тән тазалығы мен салауатты өмір салтын ұстану, денесін шынықтырумен бірге ізгілік қағидалармен үйлесімді өмір сүру, өз ақыл-ойын үнемі жағымды, сабырлы қалыпта ұстай білуі тиіс. Адамның бойындағы Жаратушыдан дарыған құдыретті күш – Рухты өз денсаулығын сақтауға, шығармашылық істерге пайдалануға, өзін-өзі жетілдіру жолдарын меңгеруге қолдануы қажет.
Қорытындылай келе, міне, бүгінде күллі әлемді мойындатқан қасиетті Тәуелсіздігіміздің мерекесін жыл сайын тойлап отырған Отан – Ананың сенім үдесінен шығу мақсатында білімді жастар болып ғылым мен техниканың биік деңгейін бағындырып, жігерлі ұл – қыздар спорт саласында ерен ерліктің үлгісін көрсетуде. Еліміздің сұлу табиғатынан, әсем әнінен, шалқар күйінен, дана ойынан, көркем сөзінен ләззәт алып, жанына өнерді серік еткен жастары рухани байлығымызды, өнерімізді тәнті етуде.
Әрқайсысымыздың бойымызға ананың ақ сүтімен тарап, ана тіліміздің нәрімен дарып, ақ батасымен бекіген қасиеттер: еңбекқорлық, білім мен өнерге деген құштарлық барда «Мәңгілік елдің» ертеңі жарқын болатынына сенгім келеді. Ол үшін бойымызда «Күйзелісті қалыпты қабылдау» қасиетін дамыту. Жұрттың пікірінен қорықпауға үйрену.
Байқайсыз ба, өмірде қандай да бір жетістікке, табысқа жеткен адамдар жұрттың айтқанын елемейді де. Өйткені, олардың алға қойған мақсаты айқын. Сол мақсатқа жету үшін ол елдің сөзін емес, өзінің жүрегін ғана тыңдайды.
«Болашақ – жастардың қолында», — деп осы сөзді ұран етіп, болашаққа нық қадам басу, көк туды көкте желбірету біздің айқын мақсатымыз болуы тиіс. Келешектің тізгінін берік ұстап, болашақтың көшбасшысы болумен қатар, еліміздің еңсесін көтерер азамат болуымыз керек. Айқын мақсатқа жете отырып, жетістікке жетеміз. Ал жетістікке ұмтылу адамды дамытуға бастайтын үлкен күш екенін ұмытпайық.
R-ақпарат