Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері бар. Біздің мемлекетіміздің рәміздері — Ту, Елтаңба, Әнұран. Елдігімізді айшықтайтын рәміздер 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Биыл мемлекеттік рәміздерге 32 жыл толып отыр.
Әрбір нышан Қазақстанның ұлты мен шығу тегіне қарамастан, ел азаматтарының еркін біртұстас ұлт екенін көрсетеді. Қазақ елі Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен қуатты, Әнұранымен айбатты! Мемлекеттік рәміздер — халқымыздың біртұтас ел екендігінің, тәуелсіздігінің, бай-қуаттылығының, ар-намысы биік, күш-жігері мығым, дамуды көздейтін асқақ мәртебелі ел екендігін білдіретін жарқын белгі.
Осы орайда, бүгін қаламыздағы Тәуелсіздік стелласында тұғырлы көк байрағымыз көтеріліп, Әнұран шарықтатылды. Айбынды шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, зиялы қауым өкілдері мен жастар, әскери бөлім сарбаздары мен қала тұрғындары қатысты.
Шараның басты мақсаты — рәміздерді және отанды құрметтеу, патриоттық сезімді нығайту, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рухта отансүйгіштікке баулу болып табылады.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі