Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік масаң күйде басқарғаны, сол сияқты көлік құралын масаң күйдегі адамның басқаруына бергені үшін, он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
Ал, әкімшілік жауаптылыққа тартылған соң қайтадан масаң күйде көлік құралын басқарғаны үшін, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігінде көлік басқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
2023 жылдың 7 айында Түркістан қалалық сотының үкімдерімен 11 адамға қатысты 11 іс қаралып, олар көлік басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұл қылмыс қоғамға, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіпті екені ескеріліп, кінәлілерге тек бас бостандығынан айыру және көлік басқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалады.
Ішімдік – әрбір жамандықтың, қоғамға теріс әсер ететін іс-әрекеттің бастауы.
Статистикаға сай қылмыстың басым көпшілігі осы масаң күйде жасалады.
Сондықтан, құрметті қала тұрғындары масаң күйде көлік құралын басқармауға және масаң күйдегі адамға көлік құралын басқаруға бермеуге шақырамыз.