Кәсіподақ саласына еңбегі сіңген әр ардагеріміз қай кезде де құрметке лайық. Бүгін «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев және «Қызмет» Салалық кәсіподағының Түркістан облыстық филиалының төрайымы Күлдар Есебаева кәсіподақ ардагері Өмірбек Керімбекұлын 84 жасқа толуымен құттықтап, шаңырағына барды. Кәсіподақ төрағалары ардагерге құттықтау жылы лебізін білдіріп, сый-сияпат табыстады. Өз кезегінде, кәсіподақ ардагері алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Өмірбек Керімбекұлы 1939 жылы Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1957 жылдан Түлкібас ауданы мектептерінде, аудандық Пионерлер үйінде жұмыс істеп, 1967 жылы облыстық Комсомол комитетінің мектеп және жоғары оқу орындары бөліміне нұсқаушы, 1971 жылы кәсіподақтардың облыстық Кеңесіне мәдени – көпшілік және физкультура – спорт бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1980 – 2007 жылдар аралығында мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Өмірбек Керімбектің туған ауылы Шұқырбұлаққа өзі оқыған Ғ.Мұратбаев атындағы мектепке жасаған жақсылықтары мен игі істері өз алдына бір төбе. Ө.Керімбеков Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі. Керімбеков еңбекшілер депутаттары Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесінің, кәсіподақтар облыстық Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, Халықаралық жалпыға бірдей кәсіподақтар Конфедерациясы бірлестігінің, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық қызмет корсету қызметкерлері Халықаралық Федерациясы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. ҚР КФ «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі мен ақшадай сыйлығына ие болған кәсіподақ басшыларының бірегейі. Бүгінде Түлкібас ауданының «Құрметті азаматы».
Өмірбек Керімбекұлын, жаңа жасымен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз. Ардагеріміздің еселі еңбегін ұмытпаймыз!