Кәсіподақ ұйымының қалыптасуы ХІХ ғасырдан дами бастады дейтін болсақ, тарихымызбен тығыз байланысты Ресей империясының өнеркәсіп өндірісінің дамуымен, сондай-ақ кәсіподақтар қалыптаса бастады. Революцияға дейінгі кәсіподақтар социалистік жүйеге сүйеніп, саяси ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеді және елеулі саяси күшке ие болды.
Кеңес заманында, кәсіподақтар, толықтай мемлекет тарапынан бақылауға алынды. Осы кезеңде, кәсіподақтар көп саяси маңыздылығын ғана емес, сонымен қатар басқа да функцияларын жоғалтып алды.
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, қоғам дамуы мен мемлекеттің тұрақтылығы үшін кәсіподақтар айтарлықтай ықпал жасағанын көреміз. Ал бүгінгі таңда кәсіподақ өзінің пәрменділігін қалай атқарып жатыр? Кеңес өкіметі кезінде елдегі жұмысшылардың 95%-ы кәсіподақтарға мүше еді. Ол дәуір өтті, кетті. Қазір заман бөлек, талап ерекше. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін барлық ТМД елдерінің кәсіподақтары секілді, Қазақстанның кәсіподақтары да еліміз нарықтық экономикаға көшкенде талай қиыншылықтарды бастан өткерді. Жасыратын несі бар, шектеу шаралары да жүргізілді. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру құқықтарынан айырылды. Осындай кедергілерге қарамастан, кәсіподақ бүгінде азаматтардың құқықтарын қорғау барысында өз жұмысын бір сәт те тоқтатқан емес.
Қоғамдық ұйымның пәрменділігі неде десеңіз, халық арасында оның бұқаралық сипат алуында. Бұқаралық деңгейге жетпеген әлсіз ұйымдармен ешкім де санаспайды. Еңбек нарығында жұмыс беруші мен жұмысшының арасында Еңбек кодексіне сәйкес еңбек қатынастарын реттейтін екі жақты келісімшарт немесе еңбек ұжымы мен жұмыс берушінің арасында ұжымдық шарт болуы қажет. Сол ұжымдық шарт арқылы еңбек адамының еңбек ету құқығы реттеліп отырады. Яғни кәсіподақ олардың әлеуметтік-экономикалық және заңды еңбек құқықтарының бұзылмауын, еңбек қауіпсіздігінің заң аясында сақталуын қадағалайды. Кәсіподақ мүшесінің құқығы бұзылған жағдайда, сол еңбек дауын мүмкіндігінше бейбіт түрде реттеуге тырысады. Қажет болған жағдайда заң органдарында олармен бірге қорғаушы ретінде әрекет жасайды. Көбінде туындаған дауларды еңбек ұжымдарының өзінде ушықтырмай шешуге атсалысады. Шешіле қоймаған жағдайда, кәсіподақтардың жоғары органдарының көмегіне жүгінеді. Ондай мысалдар өте көп. Жеке арыз-шағымдардан басқа, кейбір заң актілерінде көрсетілгендей, пікірлерін ұжымдық түрде де білдіре алады.