Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі дереккөздеріне сүйене отырып, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласына кезекті жұмыс сапарында жаңадан іске қосылған кірпіш зауытының жұмысымен танысты, деп r-factor.kz хабарлайды. Облыс құрылған алғашқы айларда-ақ өңірді жан-жақты дамыту жолында 5 бағыт айқындалған еді. Бұлар – Кентау қаласын дамыту, Түркістан облысының мәдени-рухани саласын, аудан, қала және ауылдарды, агроөнеркәсіп кешенін және индустриялық аймақтарды дамыту. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен өңірдің кешенді даму жоспары қайта қаралып, өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Осы орайда Кенді қалада өндіріс ошағы қаладағы арнайы экономикалық аймағында бой көтерген. Маңызды жобаны «Almaty NS Group» ЖШС жүзеге асырып отыр. Зауыт айына 3 млн. дана керамикалық кірпіш шығарады. Кәсіпорынды салып, қажетті қондырғылармен қамтуға 1 млрд. 720 млн. теңге инвестиция құйылған. Жоба жүзеге асырылғаннан кейін жылына 45 млн. дана кірпіш шығару көзделіп отыр. Кәсіпорынның құрылысы 2021 жылы басталған. Бүгінде құрылысқа қажет материалдармен қамтылып, өндіріске керек пеш пен қондырғылары орнатылған. Қазір кірпіштің алғашқы легі шығарыла бастады. Жалпы зауыттың жылдық қуаттылығы – 45 миллион дана. Мамандардың айтуынша, алдағы бірнеше жылда кірпіш өндірісі жылына 4-5 пайызға өспек. Зауытта 50 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Одан кейін өңір басшысы С.Қожанов атындағы саябақта Кентау тұрғындарымен кездесіп, сұрақтары мен өтініштерін, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Биыл сәуір айындағы кездесуде көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқанын мәлімдеді.
– Биыл сәуір айында Кентауға келіп, тұрғындарды толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелерді талқылаған болатынбыз. Міне, бүгін сіздермен қайта жүздесіп, көтерілген мәселелердің шешімін баяндаймын. Жалпы халықпен кездесу мен жеке қабылдау барысында 26 мәселе көтерілді. Оның 15-і өз шешімін тапты, қалған 11-і шешілу үстінде. Әрбір өтініш заң шеңберінде қаралып, тиісті шешімдер қабылданып жатыр, – деген Өмірзақ Шөкеев сол кездесуден кейін қолға алынған бірнеше маңызды бастамаға тоқталды. Қазіргі таңда Кентау қаласы табиғи газбен қамтылып, қала аумағында тұтынушы санын көбейту жұмыстары жүргізілуде, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на 1981 тұтынушы техникалық шарт алу үшін өтініш берген. Облыстық маңызы бар КХ-56 «Жамбыл облысы шекарасы – Құмкент – Шолаққорған- Ащысай – Р – 31» автомобиль жолының 76-91 шақырымына (Ащысай ауылы мен Ойық ауылының аралығы (15 шқ) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары тамыз айында толық аяқталып, нысан қазан айында пайдалануға беріледі. Сонымен бірге тұрғындар өтінініші бойынша Кентау қаласы бойынша мүгедектігі бар бар азаматтар 50 қоларбамен қамтылды. 1 топтағы мүгедектігі бар ересектерге арналған көпфункционалды әмбебап кресло арбаны өтініш беруші әлеуметтік қызметтер порталынан таңдап алған.
– Кентау – өңіріміздегі жалғыз моноқала. Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты. Негізгі салаларда өсім бар. Халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасады. Жалпы Кентау қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету 3 кезеңнен тұрады. Қала бойынша газға қосылатын 18 000 абонент бар. Оның ішінде: 1 кезеңмен – 11300, 2 кезеңмен – 3500, 3 кезеңмен – 3200 абонент қамтылмақ, – деді облыс әкімі. Бүгінгі таңда газдандырудың І-кезең бойынша жұмыстар толық аяқталды. Табиғи газбен қамтудың ІІ және ІІІ кезеңдері нысанында қысыммен тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ол тамыз айының соңында аяқталады деп жоспарланған. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Әрбір өтініштің заң аясында шешілетінін айтқан Өмірзақ Шөкеев кездесуден кейін бірнеше тұрғынды жеке қабылдады.
R-ақпарат