Алаяқтардың арбауына түскен Шымкенттің 90 жастағы тұрғыны.
Азаматшаға белгісіз тұлға қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, келіні жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлаған. Алайда мәселені белгілі сомамен шешуге болатынын және зейнеткерден ол ақшаны курьер алып кететіндігін айтқан. Туысына көмектесу үшін қарт ана алаяқтарға барлық жинап-терген қаражатын беріп жіберген.
Іздестіру іс-шараларының барысында тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен жәбірленушінің үйінен қолма-қол ақшаны алу үшін келген тұлғаны анықтап, ұстады. Ол 33 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Өз жауабында ұсталған ер адам мессенджер арқылы алған нұсқауға сәйкес әрекет еткенін жеткізді. Алған ақшаны белгілі бір шотқа аударуға келіскен ол шартты орындамай, алаяқ «жұмыс берушісін» алдап кеткен екен.
Қазіргі таңда қылмысқа қатысы бар басқа да тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Құқық қорғаушылар азаматтарға алаяқтықтың осы түрі туралы еске салады. Алаяқтар өздерін полицейлер ретінде таныстырып, туысыңыздың қиындыққа тап болғанын хабарлап, ал мәселені белгілі бір ақша қаражаты шешетінін айтуы мүмкін. Мұндай жағдайда бірден полицияның 102 нөміріне қоңырау шалып, ақпаратты тексеріңіз, үрейленбеңіз, әсіресе бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз.
Қоса кететін, алаяқтар заманауи IT-технологиялар мен психологиялық әдістерді қолдана отырып, азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда.
Ақша жіберуді сұрау:
Соңғы алты айда елде фишингтік шабуылдар жиілеп кетті. Алаяқтар WhatsApp мессенджерін пайдаланушының шотына зиянды сілтеме арқылы қол жеткізеді және пайдаланушының барлық контактілеріне ақша жіберуді өтініп, мысалы, қаржылық жағдайының қиын екенін сылтауратып хабарлама жібереді. Алаяқтар қаражатты, әрине, шоттарға аударуды сұрайды. Сондай-ақ, күмәнді сілтемені алаяқтар конкурсқа немесе дауыс беруге қатысу ретінде жасыра алады.
Емтихан тапсырусыз жүргізуші куәлігіне ие болу:
Ағымдағы жылы алаяқтар емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін алу туралы ұсыныспен әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде хабарландыруларды белсенді түрде орналастыра бастады. Бұл ұсынысқа сенген азаматтар барлық талаптарды бірден орындай бастайды: құжат алу үшін ақшаны және жеке деректерін жіберді. Бірақ ақшаны алғаннан кейін алаяқтар телефондарын өшіреді және әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі хабарламаларға жауап бермейді. Жүргізуші куәлігін емтихан тапсырғаннан кейін ғана алуға болатындығын әрдайым есте ұстаған жөн.
Қайырымдылықты желеу ете отырып жасалатын алаяқтық:
Соңғы уақытта қайырымдылық қызметі өте өзекті болды, өйткені атақты адамдар мен блогерлер қайырымдылықпен айналыса бастады. Олар ақша жинау науқандарын ашады, түрлі акцияларға қатысады, қажетті ақшаны жинау үшін тікелей эфирге шығады. Атақты адамдардың бастамалары да алаяқтардың назарынан тыс қалған жоқ. Олар балалардың интернеттен алынған фотосуреттерін пайдаланады, оларға жалған өмірбаяндар жасайды, қолданыстағы барларымен араласып кетпеу үшін жаңадан қор құрады. Кейбіреулері тіпті салмақты көріну үшін, қорықпастан жұмыс істеп жатқан қорларды көрсетіп қояды. Сондай-ақ, алаяқтар қордан баланың суреті мен тарихын көшіре алады, бірақ астына өз деректемелерін қояды. Егер адамдар алдымен оның тарихымен танысып, тексеріп алған күннің өзінде, оның деректемелерін назардан тыс қалдыруы мүмкін, нәтижесінде ақша алаяқтарға кетеді.