• Вт. Июл 22nd, 2025
Популярные метки

«ЖЕР-2025» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМАНДАЛЫҚ-ШТАБТЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ

Автор:admin

Июл 21, 2025
Spread the love

2025 жылдың 23-24 шілде күндері Қазақстан Республикасы бойынша «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Бұл оқу-жаттығу ел аумағында орын алуы ықтимал жойқын жер сілкінісі жағдайында азаматтық қорғау қызметтерінің, құтқару бөлімшелерінің, медициналық мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен іс-әрекеттерін жетілдіруге бағытталған маңызды тәжірибелік шара болып табылады.
Оқу-жаттығу жұмыстарын үйлестіру үшін республикалық штаб Шымкент қаласында орналасқан. Мұнда барлық басқару және үйлестіру жұмыстары, жаттығу барысын бақылау және өңірлерден келіп түсетін мәліметтерді шұғыл өңдеу жүзеге асырылады.
2025 жылғы 24 шілдеде сағат 10:00-де жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде – Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында «Баршаның назарына!» бірыңғай дабыл сигналы беріліп, сирена-сөйлеу құрылғылары іске қосылады. Бұл шара тұрғындардың дабыл жүйелеріне назар аудару және шұғыл әрекет ету машықтарын тексеру мақсатында өткізіледі.
Сол сәтте адамдар көп шоғырланған әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау нысандарында сейсмикалық қауіпке байланысты эвакуациялау, баспанасыз қалған тұрғындарды қауіпсіз орындарға көшіру, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша практикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Оқу-жаттығу шеңберінде тұрғындар мен ұйымдарға жер сілкінісі кезіндегі дұрыс әрекеттер туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы оқу-жаттығу азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісінің салдарынан туындайтын төтенше жағдайларды жоюға және оның алдын алуға дайындық деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл шара азаматтық қорғау саласындағы үйлестіруді жетілдіруге, барлық қызметтердің өзара іс-қимылын нақтылауға, сондай-ақ халықтың апат жағдайындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Іс-шараға республикалық және өңірлік азаматтық қорғау құрылымдары, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, апаттар медицинасы орталығы, ішкі істер және қорғаныс саласындағы құрылымдар, денсаулық сақтау ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдар белсенді түрде қатысады. Барлық қатысушылар шартты түрде орын алған жойқын жер сілкінісі жағдайындағы іс-әрекет тәртібін тәжірибеде пысықтайтын болады.
Оқу-жаттығу барысында авариялық-құтқару жұмыстары ұйымдастырылып, зардап шеккен тұрғындарды қабылдау және оларға алғашқы медициналық көмек көрсету мақсатында шатырлы лагерьлер мен төрт далалық медициналық госпиталь орналастырылады. Бұл лагерьлерде тұрғындар үшін барлық қажетті жағдайлар — тамақ, санитарлық-гигиеналық қызметтер, психологиялық көмек және ақпараттық қолдау көрсетілетін болады.
Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған аккредитация және оқу-жаттығу барысын ақпараттық сүйемелдеу мәселелері бойынша Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне төмендегі байланыс нөмірі арқылы хабарласуларыңыз сұралады:
8 778 928 18 16

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика