• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Жас мамандар ауылда жұмыс істеудің артықшылығын айтты

Автор:admin

Июл 12, 2022
Spread the love

Жастар  – болашақтың жарқын айнасы іспетті. Бұл сөздің мағынасына үңілсек, «еңбек» деген ұғыммен байланысып жатқанын ұғасыз. «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтылмаса керек. Қай саланы алсақ та, мерейін үстем еткен үкілі азаматтар ащы терін сығумен биіктерге жеткен. Мәселен, өнер саласында беткеұстар қабілетті де қарымды Димаш Құдайбергеновтің бір өзі төбе емес пе?! Ол – Қытай елінде ұйымдастырылған халықаралық Im a singer байқауының жеңім­па­зы. Сонымен қатар Ержан Максим, Данелия Түлешова сынды мықты әнші балапандар үлкен сахналарды бағындырып, жарыстардан олжалы оралды. «Новая волна – 2021» байқауында Жан Маким ұлы­мыз қазақ елінің көк туын аспанда қалықтатып келді. Junior Eurovision 2020 байқауында тағы бір жерлесіміз Қарақат Башанова 2-орын­ды иеленді. Витебскте өткен «Славянский базар» халықаралық фестивалінің Гран-при жүлдесін талдықорғандық жерлесіміз, әнші Рухия Байдүкенова жеңіп алды. Кейбір қатысушылар үшін бұл шынымен қиын сынақ болып шықты. Соған қарамастан үздіктердің үздігі болып, суырыла шыққан Рухияны жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, өнерінің ұштала беруін тілейміз!

Токиода өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан халқының атын шығарып, қола жүлдегері атанған ауыр атлет Игорь Сон 2015 жылы Жетісу төрінде өткен Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы» жастар сыйлығының «Үздік жас спортшы» номинациясын, сондай-ақ Грек-рим күресінен Азия чемпионы Демеу Жадыраев 2017 жылы «Үздік жас спортшы» номинациясын иеленген. Тағы бір мақтаулы жерлесіміз, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы, әлем бойынша 55 мың үміткердің ішінен топ жарып, Гарвард уни­вер­си­тетінің оқу грантына ие болған Сезім Ертанатов бар. Ол өзінің арман-мақсаттарына еңбек пен білімнің арқасында қол жеткізді. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Жеті­су­лық жастарымыздың жеткен жетістіктері мұнымен ғана шек­тел­мейді.

Бүгінде жастар қоғамның қоз­ғау­шы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барша үлес қосып ке­леді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен аудандарда Жастарға қызмет көрсету орталықтарына арналған мекемелер бой көтермек. Алматы облысының аудандық және қалалық мәс­лихаттарында 65 жас халық аты­нан дауыс берсе, облыстық мәс­лихаттағы 37 депутаттың алтауы – жастар. Яғни барлығы 71 жас де­путатымыз бар. Осыны ескере оты­рып, жастармен тұрақты түрде байланыс жасап, түйткілді мәсе­ле­лерінің шешімін табуға үлес қо­са­тын «Облыстық жас депутаттар» лигасы құрылды.

Еліміз егемендік алғаннан күні бү­­­гінге дейін өңірдегі балалар үйі­­нен 1541 түлек шыққан екен. Олар­­мен тығыз байланыста болып, қо­ғамда өз орнын табуға, тұлғалық дамуына қолдау көрсету – өзекті мәселенің бірі. Бұл ретте біз «Алматы облысының балалар үйі тү­лектерінің» қауымдастығын құ­ру­ды жөн көрдік. Қауымдастық мақсаты балалар үйіндегі және по­стин­тернаттық өмірді қадағалауға, балалар үйінен шыққан тү­лек­терді жұмыспен қамтуға және псилогиялық қолдау көрсетуге бағытталған.

Тағы бір айтулы жоба жастардың бос уақытын тиімді үйлестіру, маргинал және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу және жастарды әлеуметтендіру бағытына негізделген. Яғни Namys жобасы аясында танымал спортшылармен кездесулер, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Шараға маргинал, девиантты, жұмыссыз жастар және қандастар қатысты. «Же­ті­су Жайдарман» лигасы облыс аумағында 7 мың жасты қамтып, әр аймақтағы көңілді тапқырлардың басын қосты. Нәтижесінде, респуб­ли­калық лигаларда шамамен 30 команда өнер көрсетеді деп күтілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бә­рінен қымбат» мақаласында ай­тыл­ғандай, «Тәуелсіздік ұрпақ­та­ры» грантын тағайындау туралы қаулы қабылдаған. Жоба аясында мемлекет тарапынан сан түрлі салада дарынды жастарға гранттар беріледі. Игі іс облысымыз­да да жалғасын таппақ. «Жас ға­лым» жобасы өңір жастарының ғы­лыми әлеуетін арттыруға, жас кәсікерлердің тұлғалық және кәсіби дамуына септігін тигізеді. Ғылыми жобалардың байқауына Алматы облысының ғылыми танымы мен қы­зығушылығы бар кез келген жас­тары қатыса алады. Ал «Жас талант» – өнер байқауы. Өңірдегі шығармашыл жастарды іріктеп қана қоймай, түрлі мәдени бағыттарға қызығушылығы бар жастарды қол­дау арқылы оңды қоғамдық пікір­лерін қалыптастыруға үлес қосады.

Бүгінде Алматы облысының жас­тарға қызмет көрсету орталы­ғының жанынан «Мейірімді Же­тісу» облыстық фронт-офисі рес­ми түрде ашылып, азаматтарды во­лонтерлікке тарту, көмекке мұқ­таж жандарға әлеуметтік көмек көр­сету мақсатында жұмыстар атқа­рылып жатыр. 17 аудан мен 3 қалада өңірлік фронт-офистердің қыз­меткерлері волонтерлерді кө­бі­рек тарту үшін белсенді үгіт-насихат қызметін жүргізеді. Об­лыстың волонтерлік топтары жұ­ды­рықтай жұмылып, пандемия өршіп тұрған кезде демеушілерді тарту арқылы 30 мың отбасыға әр­түр­лі көмек көрсетті, 100 мың данадан астам бетперде таратты, 9 мың шамасында қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Нәти­же­сінде, облысымыздың белсенді 15 волонтері ел Президенті Қ.Тоқаев­тың «Халық алғысы» медалімен мара­патталды.

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында азаматтарды қайырымдылық жасауға тарту, волонтерлікті дамыту мақсатында әртүрлі ақпараттық насихат жұмыстары жүргізілді. Осы орайда жыл басынан еріктілер ұйымдарының саны ұлғайып, 95 бір­лік­ті құрады, 7 мың ерікті тір­кел­ді. Жастардың бастамаларын қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 2 есеге көбейтіліп, 2021 жылы 76 млн теңге бөлінді. Мемлекет басшысы айқындаған ерік­тіліктің жеті бағыты және «Қа­йы­рымды істер марафоны» аясында облыста 1 216 акция өткізілді. Мұқтаж болған 75 отбасы баспаналы болып, 9 мың отбасына 170 млн теңгенің азық-түлік себеттері тара­тылды. «Біргеміз. Таза әлем» жо­басы аясында 50 мың адамның қатысуымен 134 экологиялық акция ұйымдастырылып, 41,8 мың түп ағаш отырғызылды. «Egov – жаршысы» жобасы аясында 100 ерікті өзіне-өзі қызмет көрсету бұ­рыш­тарында тұрғындарға қызмет көр­сетті. Бұл істердің барлығы жас­тардың әлеуетін көтеруге, бас­та­маларын дамытуға және жаңа бағыттарға жол сілтеуге арналады.

2022 жылы 8792 түлек медицина мамандығы бойынша оқу бітірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін азайту, «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының мерзімін ұзарту, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында тиісті гранттар санын ұлғайту бойынша Үкіметке бірқатар тапсырма берген болатын. Бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Бүгін осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша медицина мамандарының ауылға баруы жайында сөз қозғамақпыз.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы 8792 түлек медицина мамандығы бойынша оқу бітірген (оның ішінде білім деңгейі бойынша: бакалавриат – 1633, интернатура – 4431, резидентура – 2111, магистратура – 468, докторантура – 149). Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған түлектердің саны – 4137 (грант – 3446, ауылдық квота – 691). ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы жас мамандар мен философия докторларын (PhD) бөлу жөніндегі Комиссия шешімі бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде медицина мамандығын бітірген 2981 (72,1%) жас маман мен философия докторына (PhD) жұмысқа жолдама берілді. Оның ішінде ауылдық жерге 797 жас маман бөлінді. «Білім беру туралы» ҚР Заңының 47-бабы 17.2-тармағына сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырыс негізінде оқу бітірген 1156 (27,9%) жас маман мен философия докторы (PhD) енбекпен өтеу міндеттемесінен босатылды.

Бүгінгі таңда мамандарға мұқтаж өңірлер аз емес. Әсіресе, ауылдық жерлерге сұраныс көп. Оқуын бітірген жас маман шалғай елді мекендерге барып неге жұмыс істемеске? Қазір қаладағы жағдай ауылда да жасалып жатыр. Осыны ескерген жас мамандар мемлекет көрсеткен қолдаумен ауылға аттануда. Аталған бағдарламамен жұмыс істеп, ауылды көркейтуге өз үлестерін қосып жүрген жастарды сөзге тарттық.

Ауылым үшін сапалы қызмет етуге әзірмін

«Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді», – дейді кейіпкеріміз Гүлдана Мұратова.

Жас дәрігеріміз адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан қашпайтын, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Бақытты шет елден де емес, қаладан да емес өзіміздің кішкентай ғана ауылымыздан табуға да болады деп есептейді. Бүгінгі таңда Гүлдана «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Абай облысына қарасты Жарма ауданының Қалбатау ауылының орталық аудандық ауруханасында қызмет істейді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының басты міндеті – ауылдық жерлердегі маман тапшылығын қамтамасыз ету ғана емес, қала мен ауыл мектептері, ауруханалары, емханалары арасындағы білім беру, денсаулық сақтау қызметі сапасының едәуір алшақтығын жою. Сол себепті оқуымды аяқтағаннан кейін ауылым алтын бесігім Қалбатауыма келдім. Осы бағдарламаның көмегімен үй алып, қосымша жәрдемақы алып өзімнің ауылым үшін сапалы қызмет етуге әзірмін», – дейді жас маман.

Дәрігер болу үшін мінез керек
Осындай жастардың бірі – Ұлықбек Нұрсұлтан. Нұрсұлтан жақында Астана медицина университетін аяқтап, жалпы медицина факультетінде білім алған. Енді алғашқы еңбек жолын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Ақмола облысы, Есіл ауданынан бастамақшы.

«Болашақ мамандықты таңдау – адамның өмір жолындағы ең маңызды шешімдердің бірі. Таңдаған мамандығыңыз өзіңе ұнауы тиіс, хоббиіңе айналуы қажет. Мен бала кезімнен дәрігер боламын деп армандадым. Ал кейін әпкем медициналық оқу орнына түскен кезде бұл арманым одан да күшейе түсті. Әпкемнен медицинаға қатысты жиі сұрайтынмын», – дейді жас маман.

Бұл мамандық – өте абыройлы да жауапты іс. Дәрігер болу үшін мінез керек. Мінезбен қатар жан мен ой тазалығы қажет деп санайды ол.

«Қазіргі таңда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жастарға көптеген жеңілдіктер мен қолдаулар жасалуда. «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» демекші, Қазакстан медицинасына аз да болса пайдам тисін деген ниетпен бағдарлама бойынша Ақмола облысы, Есіл ауданына барып жұмыс істемекпін. Аудан-ауылдарда дені сау ұлт, денсаулығы мықты қоғам қалыптасу қажет. Ауылдағы туған-туыстарым, достарым мен олардың отбасы сапалы медицинаға қол жетсе екен деп тілеймін», – деді жас дәрігер Нұрсұлтан.

Ауылда тәжірибе жинау мүмкіндігі көп

Астана медицина университетін жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша бітірген келесі кейіпкеріміз Ерейментау ауданының Еркіншілік елді мекенінде дүниеге келген. Айтуынша, Сағыныш Салқынбаева 2020 жылдың күзінен бастап интернатура бітіргенше №9 қалалық емханада мейірбике болып қызмет жасаған. Осы жылы дәрігер дипломын қолға алып, Талапкер ауылына жұмысқа орналасты.

Жұмысқа кіргеніне бір ай болса да, жас маман әріптестерінің қолдауымен ортаға тез сіңіп кеткен.

«Мамандығым өзіме ұнайды, жұмыссыз қалмайтаныма нық сенімді болғанмын», – дейді. Аталған бағдарламаның көмегімен ауылға келгендердің жалақысына 20% үстеме берілетінін атап өтті. «Алдағы уақытта ауылды көркейтуге атсалысып, ел игіліне қызмет істеп, халықтың сүйікті дәрігеріне айналу үшін барымды салып жұмыс жасаймын», – дейді Сағыныш.
Қаладағы жағдай ауылда да бар

«Әртүрлі адамдармен тілдесіп, оларды тану арқылы көптеген дүние үйренуге болады. Сондай-ақ ауылдық жерден алатын тәжірибе көп», – деп білетін келесі кейіпкер Тұрғазы Асыл.
Ол Семей медицина университетiн жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын Қалбатау ауылынан бастап отыр. Орталық аудандық ауруханаға жұмысқа орналасқанына бір ай болған. 306 мың көлемінде көтерме үстемақы алған. Айлығы да көңіл көншітерлік. Мамандық таңдау әр адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өйткені, бұл таңдау өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашаққа бағдар береді. Елімізде жастардың білім алып, жұмысқа тұруына жағдай жасалып жатқаны қуантады.

 

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика