• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Жастар саясаты жөніндегі жеке құрылым қажет пе?

Автор:admin

Июл 10, 2022
Spread the love

Бүгінгі таңда Қазақстан халқының 26 пайызын жастар құрап отыр екен. Статистика мәліметтеріне қарағанда, Қазақстандағы 14 пен 29 жас арасындағы жастар саны 4,5 миллионнан асып жығылады. Соның ішінде ауылдағы жастар саны 2 миллионнан, ал қаладағы жастар саны 2,5 миллионнан асады.

Осының өзі Қазақстандағы жастардың үлкен белсенді топқа айналып отырғанын аңғартса керек. Дегенмен, бүгінгі заманда жаһандық үдерістердің өзі жастар ісіне өте-мөте назар аударуды талап ететін аса нәзік салаға айналып, бұл бағыттағы саясатты мемлекеттік мәселеде аса өзектілер қатарына енгізіп отыр. Өйткені, ашық қоғам мен жаһанданған заманда сөзге де қызбаланып кететін, шапшаң арбалып, түрлі шақыруларға да бой ұратын сол — жастар. Сондықтан да, Қазақстан жастар арасында кері құбылыстардың белең алмауын қадағалап, жастар ісімен мемлекеттік тұрғыда айналыса бастағаны белгілі. Бұл жайында та «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек», — деген болатын. Осындай өзекті мәселелерге байланысты бүгін Жастар ісі жөніндегі кеңес өтіп, онда қатысушылар Қазақстандағы жастар саясатындағы жағдайды, оны жетілдіру және әлімдік үрдіс мәселелерін талқылаған болатын.

Жалпы жастарды орта тәрбиелейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан да, саясаткерлердің басым бөлігі жастар ортасының дұрыс қалыптасуы — мемлекеттік маңызды міндет деп санайды. Шындығында, салауатты, мәдениетті қоғам үшін жастарға қатысты қоғамдық ортаның да қозғалысы қажет-ақ. Ең бастысы жастар өздері өмір сүрген қоғамға риза болып өсуі керек, ал ол үшін сол баяғы ортаның да маңызы зор болатыны сөзсіз.

Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсинаның айтуынша, мемлекеттің ең бірінші міндеті — жастардың өз әлеуетін жүзеге асыруға молынан мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. «Кез-келген жас тумысынан прогрессивті де, консервативті де болып қалыптаспайды. Олардың өсіп жетілуіне орта әсер етеді. Ендеше ең алдымен, осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру қажет. Ал біз «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы жайында айтқанда, онда сол жастарға ең алдымен мемлекеттің барынша жағдай жасауы тиістігіне баса назар аударуға тиіспіз. Яғни, жастардың көше кезіп кетпеуіне, криминалға ілеспеуіне, қылмыстық сипаттарға қызықпауына, ең ақыры өскелең ұрпақтың өз әлеуетін ел игілігі үшін жұмсауына мемлекет тарапынан барынша жағдай қалыптастырылғаны игі», — дейді Майра Айсина. Оның айтуынша, жастарды белсенді емес деп кінәлауға болмайды. Өйткені өскелең ұрпақтың белсенділігін, қызығушылығын оятуға ең алдымен мемлекеттің өзі белсене араласуы керек.

Осыған орай, депутат елімізде жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі жеке құрылым ашу туралы мәселе көтерді. Бұл ретте Майра Айсина елімізде жастар саясаты шалағай жүзеге асып жатқанын да сынға алады. «Жастар саясатын мемлекеттік деп атай отырып, біз барлық ұйымдастыру шараларын жастардың жұмыстарының өтеуі ретінде қарастырып қойғандаймыз. Өйткені, біз қазір іс жүзінде бюджеттен ұйымдастырушылық құрылымдарды емес, жастарға арналған жобаларды ғана қаржыландырып отырмыз. Бір сөзбен айтқанда қаражатты жобалар жұтып жатыр, ал оның ұйымдастырылу жағы жеткілікті емес», — дейді Майра Айсина. Бұдан бөлек, депутат мемлекеттік жастар саясатының тағы бір олқылығын атап өтті. Мәселен, оның сөзіне қарағанда, қазір тұтастай жастар саясаты қандай да бір салалық министрліктің құрылымына «тықпалануда». Ал ондай министрлік өзінің құзыреті аясындағы жұмыстар шеңберінде ғана әрекет етуге қауқарлы. Соның салдарынан жұмыстарда үйлесімділік, мемлекеттік органдар арасында өзара іс-қимыл жоқ. Соның кесірінен ауылдағы жастар да, өзін-өзі жұмыспен қамтушы жастар да мемлекеттік саясаттан шет қалуда. «Осы тұрғыдан алғанда Үкімет үшін жастар мәселесін үйлестіру маңызды. Қоғамдық құрылымдар өз бетінше, жастар өз бетінше әрекет етіп жатыр. Сондықтан да, не болмаса бұндай қоғамдық ұйымның жұмысын белсенді ету керек, не болмаса жастардың барлық әлеуметтік топтарымен бастан-аяқ айналысатын жеке құрылымды құру қажет», — деді депутат.

Тоқтала кететін және бір жайт, тапсырмасына сәйкес, елімізде 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданған болатын. Жаңа тұжырымдаманың ерекшелігі — бұл білім алушы жастарға ғана емес, жұмыс істейтін, ауыл жастарын қоса алғанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, сондай-ақ жұмыссыз жастардың барлық санаттарын қамтиды. Дегенмен, ондай тұжырымдаманы тиімді жүзеге асыру үшін арнайы заң қажеттігі айқын. Сондықтан да, кеңес барысында жастар туралы ұлттық заңнаманы жетілдіру жайы қозғалған еді.

Сарапшылар сөзіне сүйенсек, қызу талқыланып жатқан осы заң жобасының оң тұстары да, олқылықтары да баршылық. Дегенмен, заң жобасының басты мақсаты — жастар ісімен айналысатын қоғамдық-саяси институттар қызметінің мазмұнын айқындау, жұмысын үйлестіру болып табылады. Ал қазақстандық жастардың әлеуметтік-экономикалық бейімделу тетіктерін реттеудегі, білім алудағы, баспанамен қамтамасыз етудегі, жұмысқа қабылдаудағы қордаланған проблемаларын бір ғана заң аясында шешу мүмкін бе?

Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаты Мейрам Бегентаев мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасындағы басты кемшіліктердің бірі ретінде осы саладағы институттардың нақты өзара әрекеттестік тетіктерінің жоқтығын алға тартады. «Бізде жастар ісімен көптеген құрылымдар айналысады: онда Білім және ғылым министрлігіндегі Жастар ісі комитеті де, департаменттер де, балалар құқығын қорғау жөніндегі комитет те бар. Өңірлік деңгейге келсек, оларда жастар саясаты басқармасы, ішкі саясат, білім басқармасы және тағы басқалары бар. Бір сөзбен айтқанда, біздегі жастар мәселесі «Қойшы көп болса қой арам өледі» дегенге саяды. Бір жағынан осының өзі бюрократиялық кедергілерді еңсеруге уақыт пен күш-жігердің көп кететінін көрсетіп, керісінше кейбір жағымсыз құбылыстарға жедел әрі тиісті деңгейде ден қоя алмай отырғанымызды айғақтаса керек», — дейді Мейрам Бегентаев.

Шара барысында әлемнің күн тәртібіндегі өзекті мәселе жөнінде халықаралық сарапшылар да өз пікірлерін ортаға салған болатын. Мысалы, ЮНИСЕФ-тің жастар мәселесі жөніндегі халықаралық сарапшысы Алекс Фэрроудың айтуынша, қоғамның жас азаматтарға барынша мән беретіндігінің бірден бір көрсеткіші — жастар саясаты. Оның үстіне бұл мемлекеттің жастар мәселесіне қатысты аса маңызды саясаты болып табылады. Сондықтан да, бүгінгі күні әлемнің көптеген мемлекеттері жастар саясатын қайта қарауға кірісіп жатыр. «Әлемнің көптеген елдерінде жаңа туындаған қатерлерге қарсы тұру үшін жастар саясатына басымдық беріліп отыр. Дегенмен, көптеген елдерде ондай үлгі ескірген болса, енді бірінде мұндай саясат мүлдем жоқ. Мәселен, Канадада ұлттық жастар саясаты жоқ, өйткені онда федералдық жүйе, жастар ісінің бәрі сол федералдық деңгейде қаралады. Қытайда да ұлттық деңгейдегі жастар саясаты жоқ», — деді А. Фэрроу. Сарапшының сөзіне қарағанда, жастар саясатын жүзеге асыру әлемдік озық тәжірибелер негізінде белең алып, оның іргесі ғылыммен, инновациялық жұмыс тәсілімен ұштасқаны абзал.

 

Ал ЮНИСЕФ-тің және бір сарапшысы Яэль Оханның айтуынша, құр жастар саясатының өзін ғана құрып қойып отыруға тағы болмайды. «Әлемдік тәжірибелерде жиі кездеседі: кейбір елдер жастар саясаты үшін қысқа мерзімге арнап саяси құжаттар қабылдайды, онда позитивті мазмұндар, көптеген мәлімдемелер, көптеген міндеттемелер мен декларациялар қамтылады, алайда жас азаматтарды қолдау жөніндегі нақты шаралар мен құралдар еш қамтылмай қалады. Сондықтан да менің ойымша, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңнамада ең бастысы жастар үшін әлеуметтік лифт жүйесі қалыптасып, бекітілуі керек», — дейді Яэль Охан. Талқылау қорытындысына орай, сарапшылар бірауыздан Қазақстан жастар саясатын жетілдіру жолында келеді және әлемдік тәжірибелерді қаперге ала отырып, осы саланы дамытуда өз жолын таңдай білуі тиіс деген тұжырымға тоқайласады.

Тұйіндей айтсақ, жастардың жағдайын бес бағытта, атап айтқанда, білім беру, денсаулық, еңбекпен қамту, саяси белсенділік және азаматтық қоғамға қатысуы бойынша бағалайтын Жаһандық даму индексі (YDI) бойынша Қазақстан 170 елдің арасында 27 орында тұр екен. Осының өзі Қазақстан жастарына жасалатын мемлекеттік қолдау шараларының көптеген елдерден артық болмаса, кем болмайтынын көрсетсе керек. Дегенмен, жаһандық жағдайды ескерсек, бұл мәселе белгілі бір кезеңге дейін емес, әрдайым мемлекеттің жіті қадағалауында болғаны да абзалырақ.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика