Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті.
Кеңес жұмысын «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Айтбаев Ерлан Садырбайұлы жүргізіп, аймақтық кеңестің жаңа құрамымен таныстырды.
Шымкент қалалық Жастарды қолдау жөніндегі кеңестің төрағасы болып Балабиев Нұрсұлтан Қайратұлы тағайындалды.
Кеңес отырысына «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Тулегенов Бекайдар Мұсаұлы, Шымкент қалалық денсаулық, полиция департаменті, білім басқармасының өкілдері қатысып, «Жасөспірімдер мен жастар арасында электронды темекі мен вейптердің жаппай таралуы», «Жастар арасында есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы» тақырыптары талқыланды.
Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Онда электронды шылымның, вейптердің және есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің жастар мен жасөспірімдер арасында таралуы мәселесі талқыланды.
«Өздеріңіз білетіндей, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, елімізде темекі бұйымдарын 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға заңмен тыйым салынған. Соған қарамастан, жастар мен жасөспірімдер арасында вейпке, электронды шылымға деген сұраныс күн санап артып барады. 300 мың отандасымыз тыныс алу органдарының аурулары бойынша есепте тұр. ДДСҰ-ның дерегіне сенсек, осы күні 33 мемлекетте вейп мүлдем сатылмайды. Біз де тездетіп осындай шара қабылдауымыз қажет», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Жанар Қалмақова.
Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері мәселені тағы да нақты деректерді ұсына отырып талқылауға келісті. Сонымен қатар өздерінің ұсыныстарын хаттамалық тапсырмаға енгізіп, жоспар бойынша жұмысты қарқынды түрде жасайтын болды.