Еріктілер десе ауыл есіме түседі… Қаладан шалғай орналасқан сол ауылдың адамдары бір-біріне еш себепсіз қол ұшын созып, ақысын дәметпей қолғабыс ететін. Пейілі таза жандардың бірігуін қазақ әу бастан асар деп атап кеткен. Содан болар биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлар жылын жариялағанда дүйім жұрт жаңалықты жылы қабылдады. Үлкендер де, жастар да. Ерікті болу жасқа бөлінбейтінін сол сәтте анық аңғардық…
Еріктілер қолтаңбасы барлық салада бар
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде еріктінің қатары көп, олардың өзіндік қалыптасқан дәстүрі, бәрінің басын біріктіретін ұйымшыл штабы бар. Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы Алматы және Сыр еліндегі еріктілердің жаңа бастамаларымен танысты. Сол телекөпірде екі аймақтың бірі ретінде біздің облыстың таңдалуы бекер емес. Оның себебін облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Қуаныш Қуантқанұлы аймақтық басылымға берген сұхбатында келесідей түсіндірді: «Себебі, Мемлекет басшысы жариялаған Волонтерлар жылына орай біз республикада алғашқылардың бірі болып Жастар орталығының жанынан азаматтық қоғам институттары бастамасымен волонтерлар штабын аштық. Жеті жалпыұлттық бағытқа сәйкес жетекшілерді сайлап бердік. Бұл бағытта төтенше жағдайға дейін белсенді жұмыстар жүргізіліп, карантин уақытында саябырсығанымен бастама қалайда жүзеге асатын болады. Сырбойылық жастардың Президентпен сұхбаттасуына мүмкіндік берген телекөпірге екі өңірдің ғана таңдалуы біздің бастамшылдығымыздың дәлелі болды».
Иә, еріктілер үнемі жаңа бастамамен қатар жақсы істердің жанында жүреді. Кешегі төтенше жағдай кезінде де еріктілердің қолтаңбасын қоғамның барлық саласынан байқадық. Ел абдырап, халық қобалжыған сәтте облыс аумағында мыңнан астам ерікті тұрғындарға қолдау танытып, көмек көрсетті. Бірі бетпердені қолдан дайындады, келесі топ оны тұрғындарға таратты, қалғандары аты жаман аурудан сақтану талаптары туралы брошюра үлестірді.
Нұрбол НҰРЛАНҰЛЫ, ерікті жас:
‒ Төтенше жағдай кезінде қала тұрғындарының жанарынан пандемияға деген үрейді байқадық, олардың «енді не болады, карантин қашанға дейін созылады?» деген сауалын сөзсіз-ақ түсіндік. Тұрғындарға азық-түлік тарату барысында мекен-жайды шатастыру, әр түрлі мінездегі адамдармен тілдесу, көмекке мұқтаж жандардың мұңын бөлісу бізге үлкен тәжірибе болды. Тіпті тұрғындар арасында азық-түлік үшін келіспеушілік орын алғаны да жасырын емес.
Ерікті ретінде қоғамдық шараларға араласып жүргеніме бір жылға жуық уақыт болды. Кейде сабаққа үлгермей қалатын немесе үй жағдайындағы мәселеге алаңдап жүретін кездер де кезігеді. Бірақ қандай сәтте де мен өзгелерге жақсылық жасауға тәуекел етемін. Өйткені жанымда өзім секілді ерікті жас көп, олардың қолдауы, халықтың батасы менің үлкен өмірге жақсы ниетпен қадам басуыма әсер етеді, ‒ дейді волонтер.
Волонтерге деген құрмет
Еріктілер қашанда көмек беруге, шын жанашыр болуға дайын болуымен құрметті. Бәріне мәлім, былтыр Арыс қаласында қайғылы оқиға орын алып, елдің қабырғасы қайысты. Сол кезде Jas Otan ЖҚ-ның еріктілері бірігіп Арыс тұрғындарына көмек көрсетуге жолға шықты. Болыссам деген ниет, қалай демеу бола аламын деген қобалжу сәтіндегі көптің құрметін бізге «Qaz Volunteer» республикалық жобасының еріктісі Шернияз Жалғасұлы әсерлі әңгімелеп берді: «Арыс оқиғасы кезінде елдің атымтай азаматтары жинап берген жылуды (азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар) алып, бірнеше көлікпен жолға шықтық. Шымкент қаласына жетіп, бағдаршамда тұрсақ, көрші көліктегі жігіттер бізге бас бармағын жоғары көрсетіп, басын изеп, әлденені айтып жатыр. Біз алғашында не болғанын түсінбедік. Бағдаршамнан өткен соң жол жиегіне тоқтап, бейтаныс адамдардан жағдайды сұрадық. Көлігіміздің маңдайшасына ілінген «Арысқа көмек» деген жазуды көрген олар бізге ризашылығын білдіріп жатыр екен. Халықтың алғысын сол сәтте шынымен сезіндік. Тіпті жолда кездескен кей көлік жүргізушілері бізге жол берді. Әрине біз мұндай құрмет көрсететіндей жоғары қызметтегі адам емеспіз. Бірақ халық алыстағы ағайынның арыстықтарға деген көңілін, ыстық ықыласын алып келе жатқан еңбегімізді осылай бағалады» дейді ерікті жас.
Анығында жабыққанға жақсылық жасап, қоғамның кемшін тұсын бүтіндеу жас талғамайды. Сондықтан бір мүдде үшін қолдан келген барлық мүмкіндікті қарастыру барлық қоғам өкілдеріне ортақ дүние. Сөзімізге жақында ғана Түркістан облысындағы жағдайға байланысты мақтааралдық тұрғындарға алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмек көрсету мақсатында құрылған штаб жұмысы дәлел бола алады. Мақтааралға аттанар алдындағы үш күн ішінде еріктілер көмегімен он бес тонна зат жиналса, одан кейінгі уақытта тоқсан бес тоннаға жуық материалдық көмек жиналған. Осы нәтижеге қарап-ақ қоғамдағы барлық адам біріккенде алпауыт күшке айналып, алдындағы қиындықты оңай еңсеретінін түсінуге болады.
Волонтер болуға кедергі жоқ, бірақ…
Карантин уақытында QOSYL қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері де маска және ақпараттық түсіндірме парағын таратудан бөлек жақсы бір жобаны қолға алған. Ол ‒ тігінші волонтерлардың «Фей-Шей» атты бастамасы. Белсенді әрі тігін тігуге икемді жиырмаға жуық қыз-келіншектің ерікті түрде ұйымдастырған жобасы аясында мыңнан астам көп реттік маска дайындалып, тұрғындарға тегін таратылған. Осы орайда маскаға қажетті материал демеушілердің көмегімен алынғанын айта кеткен жөн. Одан бөлек қазіргі таңда орталық базасында «Кітап құрттары», «Golden Qazaqstan» атты волонтерлік топтар белсенді жұмыс жасауда. Бірі жастарды білім алуға шақырса, бірі қоғамдағы санитарлық режимнің сақталуын қатаң қадағалайды. Тіпті еріктілер қан тапсыру орталығындағы мәселені назардан тыс қалдырмас үшін арнайы донорлар жобасын ұйымдастырған. Ал «28 ілмектің» басқа бастамаға қарағанда жөні бөлек, маңызы ерекше. Топтағы тоқымашылар мерзімінен ерте дүниеге келген сәбилер үшін киім тоқып, облыстық балалар перзентханасындағы аналарға тегін таратуды дәстүрге айналдырған. Себеп анық, ай-күні толыспаған шақалаққа кез-келген киімнің шақ келмейтіні белгілі, соның салдарынан сәбиге қауіп төнетініне де айқын. «28 ілмек» тобындағы еріктілер мұны мемлекеттік мәселеге айналдырмай-ақ, шын ниетпен шашаусыз шешкен.
Еріктілер қоғам үшін осындай игілікті іс жасап жүр десек те, көп арасында волонтерлар жайлы түсініксіз пікір қалыптасқан. Бұл тақырыпта қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Сабыржан Кеңшілікпен тілдескен едік.
‒ Қазіргі қоғамда волонтер болу үшін ешқандай кедергі жоқ. Алайда кейбір адамдар ерікті ұғымын дұрыс түсінбей жатады. Мәселен көпшілік волонтерді жұмысшы топ өкілі, шарада адам санын толықтырушы немесе жас буын, бала ретінде қарайды. Волонтер болу ешқашан жасқа қарамайды. ҚР бойынша волонтердің орташа жасы жастар санатынан жоғары, яғни 29 жастан жоғары азаматтар ерікті қызмет етеді. Қоғамда жастар ғана волонтер болады деген стеротипті ойлау жүйесі қалыптасқан. Негізі үлкен кісілер де кез келген қоғамға қызмет алады, тіпті өз қалауымен көмек көрсететін ата-әжелерді күміс волонтерлар деп атайды. Біз волонтердің еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалған дүниелерді азаматтық ұстаныммен, өз еркімен толықтыратынын түсінуіміз керек», ‒ дейді белсенді жас.
Ерікті болу ‒ үлкен мақтаныш
Ерікті болу ‒ еріккеннің ермегі емес, ерлікке пара-пар дүние. Өзгеге қуаныш сыйлау, алғаусыз алғыстан қуат алып, игі істерді қайта жалғастыру көптің қолынан келеді дегенмен, ерікті болуға жан дүниесімен беріліп, бар уақытын арнаудың жөні бөлек. «Менің ойымша, ерікті қызмет ететін адамның ішінде алапат күш болады және ол еш қиындыққа қарамастан сені қоғаммен араласуға жетелейді» дейді Әйгерім Әмірхан. Бес жыл бойы волонтер ретінде түрлі ұйымда қызмет еткен Әйгерім биыл «Түркістан қайырымды жандар» тобын құрып, жанына өзі секілді мейірімді жандарды жинапты.
‒ Алдымен Алланың разылығы үшін, одан соң туған жеріме, айналамдағы жандарға пайдам тисін деген оймен бес жылдан бері еріктілер қатарында қызмет етіп келемін. Жүрген жерімде мейлі ол үлкен немесе жас болсын волонтер болудың пайдасын айтып, насихаттап жүретін әдетім бар. Осы кезге дейін мен бірнеше топтың ерікті мүшесі болдым және бұл дағдымды үлкен мақтанышпен айта аламын.
Былтыр еріктіліктен жарты жылға жуық қол үзіп қалғаным бар, ол кезде ауылда едім. Бірақ сол уақыттың өзі мен үшін қайырлы болды. Ауыл арасында жүріп, өзім сынды жастардан команда құрдым. Бастапқыда бес-алты адамнан құрылған топ кейін келе жаңа таныстықпен толықты. Қалаға келген соң қайырымдылық шараларын жиі өткізе бастадық, алайда еш жерге жариялап жазбадық, көп көзінше айтпадық. Уақыт өте келе яғни осы жылдың қаңтар айында «Түркістан қайырымды жандар» тобын құрдық. Қазір мұнда 15-ке жуық ерікті жиналған. Негізі өзге қалаларда бұл ұйым бұрыннан бар, мысалы «Астана қайырымды жандар», «Ақтөбе қайырымды жандар» сынды топтар қоғамға бірнеше жылдан бері қызмет етіп келеді. Мен сол кісілердің жобасын үлгі ете отырып, қаламыздың атымен байланыстыра осындай жобаны қолға алдым. Жақында қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлымен кездесіп, еріктілердің жаңа жобасын таныстырдық, алдағы жоспарымызбен бөлістік. Осы жерде «Түркістан қайырымды жандар» тобының ерекшелігін айта кетейін, біз өзгелерге көмек көрсету уақытын ұзақ мерзімде қамтимыз деп шештік. Мәселен, көмекке мұқтаж отбасыны тек бір апта ғана азық-түлікпен қамтып қана қоймай, алдағы уақытта да жағдайына қарайласып тұруды жөн көрдік. Бұл жерде көмек алушылардың саны азайса да, бір отбасының мәселесін толық шешуге мүмкіндігіміз болады. Біз әрдайым өзгелерге қуаныш сыйлауға әзірміз, ‒ дейді Әйгерім.
Халық арасында «Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жер ‒ соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген даналық сөз бар. Жоғарыда еріктілердің жыл басынан бері қолға алған бастамаларын сөз еттік. Бәрін емес, біршамасын ғана. Біз білмейтін, еш жерге жарияламастан жасырын қалыпта сауапты іске ат салысып жүрген еріктілер қаншама?! Бір ғана нәрсе анық. Жүректерінде жылу, жүздеріне мейірім ұялаған еріктілердің жолы қашанда үлгілі, қай кезде де риясыз алғысқа ие.
R-ақпарат