Бүгін, Шымкент қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Ел анасы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік семинары өтті. Семинарға жас аналар қатысты. Мақсаты — әйелдердің ел экономикасының дамуына қосқан үлестерін және олардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі жеткен жетістіктерін көпшілікке үлгі ету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу болып табылады.
Семинарды Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева ашып, жүргізді. Іс-шара барысында отбасында өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған көпбалалы аналар туралы бейнефильм көрсетілді. Ары қарай өз саласында үлкен жетістікке жеткен қалалық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Төреайым Сұлтанова, мәдениет саласында үлкен жетістікке жеткен қалалық мәслихаттың депутаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Уралхан Сейілбекова, т.б. сөз сөйледі.
Сонымен қатар, «Құмар ойын отбасын ойрандайды» тақырыбында қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Б.Көмекбаева, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық тоқырауға апарады…» тақырыбында Қаратау аудандық Аналар кеңесінің төрайымы З.Бекмұрзаева, «Отбасындағы зорлық – зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№ 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің психолог маманы Н.Мұхамова сөзге шықты.
Жиын соңында өз жұмыстарында белсенділік танытқан Аналар кеңесінің бірқатар мүшелері алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, Шымкент қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі – отбасы және ана институттарын нығайту арқылы қоғамдық келісім мен ел бірлігін қамтамасыз етудегі Қазақстан халқы Ассамблеясы мақсаттарын іске асыруға жәрдемдесу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қоғамдық негізде әрекет етеді.