Бүгін Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Шымкент көлік колледжінің жастарына «Діни танымдығын арттыру» бойынша кездесу өтті.
Кездесуде Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Уәлихан Самат Шоқанұлы мен Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, Әль-Фараби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Барлыбаева Тұрсынай Орынбекқызы қатысты.
Мақсаты — жастарға діни ағымдардан сақтану туралы терең түсінік беру, ата-ананы құрметтеу, бейбітшілік пен адамдарға жақсылық жасай білудің өмірдегі басты ұстанымы екенін түсіндіру.
Кездесу барысында «Жастар арасында ұлтаралық татулық», «Отбасы құндылығы» мен «Дәстүрлі емес діни ағымдардың шығу тарихы мен ерекшеліктері» бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жастармен кері байланыс жүргізілді.
Отбасылық құндылықтар отбасының негізі болып табылады. Ол әдет-ғұрыптардан, дәстүрлер мен қарым-қатынас туралы түсініктерден құралады. Мұның бәрі аға ұрпақтан жастарға беріледі, ол мезгіл-мезгіл өзгеріп отырады. Алайда, отбасының негізгі құндылықтары әрқашан өзгеріссіз қалады. Отбасы құндылықтарының белгілі бір жиынтығынсыз өмір сүре алмайды. Өйткені қоғам бірлігі құрылмаса, отбасылық құндылықтар өз мәнін жоғалтады. Ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас дәл отбасылық құндылықтар негізінде қалыптасады. Сондықтан ерлі-зайыптылар жылдар бойы рухани денсаулық пен бірлікті сақтауы тиіс.
Сондай-ақ, отбасылық құндылықтар отбасын құру кезінде ғана емес балаларды тәрбиелеуде де маңызды рөл атқарады. Отбасын құрғанда адам өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, сонымен бірге оған жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды, ата — бабасының салт — дәстүрін, жас ұрпақтың бойына сіңіртеді.
Асыл дінімізде Аллаға бойұсынуға шақыра отырып, ата-анаға қарайласуды міндеттейді. Ата — анаға не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың, сен ата — анаңды сыйлайсың, сенің балаларың да сен қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып қағатын болады. Ата — ана отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата — ананың қадірі ерекше әспеттелген. Жас жұбайлар отбасылық сынақтардың кейбіріне төтеп бере алмай, бала болашағынан бұрын жеке бас тыныштығын бірінші кезекке қойып жатады. Осыдан келіп тастанды бала мен әкесі тірі жетімдер қатары артады. Негізі бала үшін әкенің орны бөлек. Әке деген сөзді айтқанда өзіне пана болар, қиындыққа қалдырмас, арманына қол созғанда ақ батасын беріп ақ жол тілейтін адамның болғанын бала жүрегі аңсайды. Әке — әркімнің сүйенер тіреуі.