Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастар арасындағы кереғар діни ағымдардың алдын алу» бағытында «Индустриалды – техникалық колледж» МКҚК-нің жастары арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Мақсаты — жастарға діни ағымдардан сақтану туралы терең түсінік беру, ата-ананы құрметтеу, бейбітшілік пен адамдарға жақсылық жасай білудің өмірдегі басты ұстанымы екенін түсіндіру.
Кездесуге Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Қалматаева Мадина Қайратқызы қатысып, түрлі кереғар діни ағымдардан сақтану жолдары мен оның алдын алу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Деструктивті ағымдардан сақтану қажет. Дін дегеніміз өте күрделі. Ол туралы ақпаратты рұқсат етілген кітаптар мен сайттардан алған дұрыс. Діни секталардың құрбанына айналмас үшін діни білімімізді арнайы оқу орындарынан және діни орталықтан сұрап білулеріңізге болады. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың немесе топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Осындай дінді теріс бағытта насихаттайтындардан сақ болыңыздар, – деді. – Қазіргі таңда дін өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Себебі, жастарымыз діни сауттылықты мешіттерде арнайы дәріс беретін имамдардан алудың орнына, әлеуметтік желіде таратылып жүрген видороликтер мен жазбалардан алғанды жөн санайды. Кейбір сайттарда дінді дұрыс насихаттаса, енді екіншісі бұрмалап теріс пікір тудыратыны жасырын емес. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден бұрмалап мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын тарататыны жасырын емес. Дінге бет бұрғысы келген жастарымыз осындай теріс ниетті діндарлардың жетегіне еріп, қатесін кеш түсініп өкініштен өзегі өртенген азаматтарымызда кездеседі.