Демография – кез келген мемлекет үшін маңызды мәселе. Өйткені қай мемлекеттің де дамуына халық саны ықпал етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы да жыл сайынғы Жолдауының бiр тармағын демографиялық ахуалға арнайды. Әсіресе «Қазақстан-2050» стратегиясында демографиялық ахуалға айрықша көңіл бөлді. Қазақстанда қалалықтар – 10 529,1 мың (57,6 пайыз), ауылдықтар – 7 743,3 мың адам (42,4 пайыз). 2017 жылғы 1 шілдемен салыстырғанда халық саны 238,1 мың адамға немесе 1,3 пайызға өсіп отыр. Қаңтар-маусым айларында Қазақстанда 192,7 мың адам туған. Бұл 2017 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 1,8 пайызға артық. Халықтың санын көбейтудiң екi жолы бар. Бiрi – табиғи өсiм. Бұл үшiн аналарға жасалатын көмек, медициналық жәрдем және әлеуметтiк жәрдемақылар өсуi керек. Қазақстанда табиғи өсім оң бағытқа ие. 2017 жылғы деректер бойынша туудың жиынтық коэффициенті 2,73 болды. Демография ғылымында replacement level (орын басушы көрсеткіш) 2,1-ден төмен болса, «халықтың өсімі болмайды» деп есептеледі. Яғни, әр әйелде кемінде екі бала болуы керек. Екiншiсi – шетте жүрген қандастарымызды Отанға оралту. Тәуелсіздік алған жылы республикада 7 миллионның үстінде ғана болған қазақтар 2012 жылғы дерек бойынша 10 миллион 979 мың 511 адамды құраған екен. Яғни, тәуелсіздігіміздің 21 жылында республикадағы қазақтардың саны 2 млн 980 мың адамға өскен. Дәл осы мерзімде шетелдерден атамекеніне оралған қазақтардың саны 950 мың адамнан асты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кезінде тәуелсіздік алған тұста, 1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 миллион халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 миллионға дейін түскен. Қазіргі уақытта қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 миллионнан астам қандастарымыз сырттан келді», – деген болатын. Расында да, ата-бабамыз аңсап өткен егемендікке қол жеткізгеннен кейін миллиондаған қандастарымыз тарихи Отанына қайта оралып, демографиялық ахуалдың ілгерілеуіне ықпал етті. Демографияның атасы аталып кеткен ғалым, марқұм Мақаш Тәтімов: «Қазақтар – 1930 жылдардағы аштықтан ең көп жапа шеккен халық. Мәселен, украиндер өз халқының 17 пайызын жоғалтты және жергілікті жерлерде, яғни елдің оңтүстігінде ғана. Қазақтар бүкіл Қазақстанның территориясында 49-дан 51 пайызға дейін кеміді», – деген еді. Ғалымның зерттеулері бойынша, 1926 жылы қазақтың саны өзбектен 10-15 пайызға көп болған. Тіпті, түркі халықтарының ішінде Осман империясынан кейін саны жағынан қазақ ұлты екінші орынды алатын. Бұл тұста демограф ағамыз: «Егер аштық болмағанда, біздің санымыз қазір 32-35 миллионнан асып, оның 28-30 миллионы Қазақстанда тұратын еді…», – деген өкінішін жеткізетін.
R-ақпарат