Қазіргі кездегі мемлекеттік билік күннен күнге халық санының өсіп-өнуіне үлкен назар аударуда. Адам санын есептеу мемлекетке өзінің əлеуметтік функцияларын атқару үшін қажет. Ол өз кезегінде барлық еңбек ресурстарын анықтайды, сонымен қатар, əлеуметтік даму саласында белгілі бір шешім қабылдау үшін жəне басқа мемлекеттің функцияларын орындау үшін негіз болып табылады. Халықтың туу мен өлім көрсеткіштерінің жақсы жаққа өзгеруіне, көші-қон мəселелерін шешуде мемлекет функциясының ролі зор. Демографиялық үрдістер адамның еркінен пайда болмайды. Мемлекет пен құқықтың өзара əрекет етуі өте күрделі үрдіс. Демографиялық үрдістерді жүйелі жəне жан-жақты талдау үшін мемлекеттік билік қажет. Мемлекеттің əлеуметтік жəне басқа да функцияларын атқаруда демография өте ауқымды фактор болып табылады. Қазіргі кезде мемлекет функциясы ішінде демография функциясы өте күрделі болып отыр. Себебі қоғамның қажеттілігін қанағаттандыру үшін жаңа, бұрын-соңды болмаған функциялар қалыптасуда. Қазіргі жаһандану кезеңінде демографиялық мəселелердің дамуы көп ғалымдарды қызықтыруда. Демографиялық үрдістерді зерттеуші ғалымдар көбінесе оның тек экономикалық қырын зерттеумен айналысуда. Қазіргі кездегі демография ол үлкен ғылым. Ол қоғамның барлық жағын қамтиды. Соның ішінде статистикаға көп сүйенеді. Статистика болмаса, халықтың ұлттық, əлеуметтік жəне басқа да əр түрлі деңгейін зерттеу мүмкін емес. Егерде заң ғылымына келсек, онда демографиялық үрдістерге мемлекет пен құқықтың əсері теориялық тұрғыдан зерттелмеген. Осы күнге дейін демографиялық үрдіс əлеуметтік үрдістің бір бөлігі болып келді. Қазіргі дүниежүзі жаһандану кезеңін бастан кешіріп, экономикалық дағдарыстың тұғырында тұрған қоғам үшін, əлеуметтік үрдістерді оның ішінде демографиялық үрдістерді реттеуде мемлекет пен оның функциясының рөлін күшейту талап етіліп отыр. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан əр түрлі демографиялық стратегияларды мемлекеттік саясаттың ең негізгісі деп біліп, оны жүзеге асыруға көшу керек. Нарықтық заманға көше бастағанда мемлекеттің ең негізгі экономикалық мақсаты еңбек өндірісін көтеру арқылы халықтың əл-ауқатын көтеру болған. Қазақстан Республикасы халқының тіршілігін жақсарту үшін экономиканы тұрақтандыру, бəсекелестікті дамыту, халықты жұмыспен қамтуды белгілейтін еңбек жəне ақша нарықтарын жасауды көздеген. Жалақының көтерілуін қамтамасыз ету кедейшілікпен күресу жəне əлеуметтік қорғанудың бірден- бір амалы ретінде көрсетілген. Бұл мəселелердің барлығы жүзеге асырылған жоқ. Жаһандану кезеңіне мемлекеттің əлеуметтік функциясы, нарықтық экономиканың талаптарына сай келмейді. Халықты əлеуметтік қорғауда əр түрлі мекемелердің қызметін жақсарту қажет. Олардың басты мақсаты халықты жұмыспен қамту болу керек. Бұл аталған мақсат–міндеттер мемлекеттің алдына қойған міндеттердің бір ғана бөлігі. Халықтың демографиялық даму көрсеткішін білмей, елдің ұлттық құрамының қалай өзгергенін анықтау мүмкін емес. Халық санының өсуі мен дамуын зерттеу қоғам өмірінің барлық салаларын мемлекеттік басқару үшін маңызы бар. Демографиялық үрдістердің өзгеруімен, мемлекеттің де маңызды экономикалық, саяси, əлеуметтік жақтары өзгереді. Демографиялық үрдістерді құқықтық жəне саяси құралдар арқылы басқаруға болады. Мемлекеттің демографиялық үрдістерін елдегі туылым, өлім жəне көші-қоны мəселелері құрайды. Қазіргі Қазақстан жағдайында заңи тұрғыда аталған демографиялық үрдістерді нақты түрде реттеу қажет. Туылым, өлім, көші-қоны мəселелері бүгінгі таңда көлемі жағынан да, дəрежесі жағынан да үлкен проблемалардың бірі болып табылады. Заманның ағымы осы мəселелерді құқықтық реттеуді талап етті. Соның нəтижесінде осы үрдістерді реттейтін бірқатар нормативтік–құқықтық актілер қабылданды. Қазіргі жаһандану кезеңінде Қазақстан үшін бұрын — соңды құқықтық реттеу аясынан тыс болған қатынастарды реттеуге бағытталған жаңа заңдарды қабылдау қажеттілігі байқалып отыр. Мемлекетіміз демографиялық үрдістерді шешуге бағытталған нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауда басқа шетел мемлекеттерінің тəжірибесін пайдаланса жақсы болар еді.
R-ақпарат