• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Демографиялық саясаттың ықпалы – Қазақ хандығынан басталған!

Автор:admin

Окт 3, 2022
Spread the love

Ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген қазақ» халқы басынан талай демографиялық апаттарды өткізді. Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, көрші, әсіресе Жоңғар, Қытай, Ресей, Қоқан, Хорезм мемлекеттерінің шабуылына ұшырап, көптеген территориясынан (халқымен қоса) айрылып қалды. Бұл жерлерді атамекен еткен қазақтар, өз қауымдастығын, тілін, дінін, ділін сақтап қалу үшін күресе берді. Соның нәтижесінде Қазақстанмен шектес орналасқан Ресей, Қытай және Өзбекстанда қалып қойған қазақтар өз тарихи отанына қайта қосылу үмітін үзбей келеді. 1924 ж. Орта Азиялық республикаларда жүргізілген территориялық қайта бөлісте Қазақстан біраз жерінен қол үзіп қалса, кейінірек Өзбекстанға Бостандық ауданы, Мырзашөл алқабындағы жерлер берілді. Д.А. Қонаевтың арқасында Киров, Жетісай, Мақтаарал аудандары Қазақстанға қайтарылғанымен, негізінен қазақтардың атамекенінде 300 мың халқы бар жаңа құрылған 3 аудан мен 5 мал совхозы (Шымқорған, Тимирязев, Қызыл-Құм, Арнасай, Амангелді) Өзбекстанда қалып қойды. Соның зардабынан Шардара су қоймасы тасыған кезде, Қазақстан өзінің бұрынғы Арнасай су бөгетін пайдалана алмай, көп қиыншылықтарды бастан кешіруде. Сонымен қабат, қазақ-жоңғар соғысында, 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілісі, кейінгі Кеңес заманындағы азамат соғысы, 1918, 1921, 1931-1933 жж. ашаршылық, Ұлы Отан соғысы кезіндегі тұтқындалу және т.б. қайғылы-қасіретті оқиғалар нәтижесінде көп қазақ өз Отанынан ауа көшіп, шетелдерге кеткені де рас. Қазақтардың Дүниежүзілік Қауымдастығы жинаған мәліметтері бойынша қазір 40 шетелдердегі қазақтардың саны – 5 млн 600 мыңнан астам, – деп көрсетілген. Оның ішінде – жақын шетелдерде – 3 млн 137 мың; алыс шетелдерде 2 млн 529 мың 800. Қазақтар көп шоғырланған мемлекеттер -Қытай – 2.260 мың; Өзбекстан – 1.750 мың; Ресей – 1.100 мың; Моңғолия -150 мың; Түркменстан – 150 мың; Қырғызстан – 95 мың; Ауғанстан – 30 мың; Түркия – 15 мың; АҚШ – 14 мың; Тәжікстан – 10 мың; Иран – 10 мың; Германия – 9 мың және т.с.с. Кеңес Одағы тарап, Қазақстан егеменділік алған соң, шетел қазақтарының Отанына бағытталған көші-қонның ең күшті толқыны басталды. 1991 жылдан бастап Қазақстанға ТМД республикаларынан және алыс шетелдерден қазақтар көшіп келе бастады. 1991 жылдан 1995 жылға дейінгі аралықта республикаға 137919 қазақ көшіп келді. Олардың басым көпшілігі (50,6%) таяу шетелден, негізінен Ресейден, Тәжікстаннан, Кавказ өңірінен келушілер. Алыс шетелден – Моңғолиядан, Ираннан, Түркиядан, Қытайдан, Ауғанстаннан келген иммигрант қазақтар 49,4%. 1991-1993 жылдары Моңғолиядан келген оралмандар саны 60 мың адамға жетіп, кейінгі жылдары олардың легі біртіндер бәсеңдеді. 1996 жылдан 1999 жылдары аралығында Моңғолиядан келген оралмандар 2259 адамды құрып, бұрынғымен салыстырғанда 25,1 есе аз болды. Осы жылдары олардың 623 адамы кері көшіп кетті. Жалпы 1989 жылдан 1999 жылдары аралығында Республикаға Моңғолиядан 43057 оралман (21636 ер азамат және 21421 әйел) келіп қоныстанды. Олардың басым көпшілігі (76,8%) Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысындағы ауылды жерлерге орнықты. Нарықтық экономикаға көшу жағдайында Қазақстанның бастан өткеріп жатқан қиыншылықтарымен байланысты Моңғолиядан келуші қазақтардың саны қысқарды. Олардың жаңа жерге бейімделуіне шашыраңқы қоныстануы, сондай-ақ орыс тілді ортаға тап болуы қиындық тудыруда. Ираннан келген қазақтар Алматы, Оңтүстік Қазақтан және Маңғыстау облыстарына қоныстануды жөн көреді. Олар Моңғолиядан келген қазақтарға Қазақстанның қазіргі күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуалына бейімділік танытуда.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика