Шымкентті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – уақыт талабы. Республикалық мәртебеге ие болғанына 5 жыл толған еліміздің үшінші мегаполисінде түрлі салаларда атқарылған жұмыстар еселене түсті. Бұрынғы топырақ жолдарға асфальт төселіп, көше бойлары мен аулалар абаттанып, жылдан жылға көпқабатты зәулім үйлер көбейді. Бәрінен де қаладан жырақтағы ағайынның қала орталығына жетуі жеңілдеді. Шалғайдағы елді мекендерге инфрақұрылым жүйелері тартылып, шырайы кірді. Ауыз су, электр жарығы және көгілдір отынмен қамту ісінде де ауыз толтырып айтар жетістік көп. Бүгінде елді мекендердің жаңақұрлысы аумақтарына инфрақұрылым тарту жұмысы қызу жүріп жатыр
Ауыз су мәселесі толық шешіледі
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдар аралығында даму жоспары бекітілген. Жол картасында бес айқын бағыттың бірі ретінде қала аумағын инжинерлік-инфрақұрылыммен қамтылуы көрсетілген. Яғни, ауыз су, электр жарығы және табиғи газ, кәріз жүйесі, сарқынды суды тазалап, кәдеге жарату, тозығы жеткен жылу жүйелерін қалпына келтіру секілді жұмыстар қаралған. Осының негізінде 12 индекатор бекітілген. Атап айтқанда, 2023 жылдың жоспары бойынша ауыз сумен қамтуды – 99 пайызға, сапалы электрмен қамтуды – 100 пайызға, кәріз желісін – 65 пайызға, табиғи газбен қамтуды – 96 пайызға жеткізу, ал, жылу желілерінің тозу деңгейін 33 пайызға төмендету мақсаты тұр.
Қазір қаладағы 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз суды тұтынады. Тіршілік нәрін кезекпен берілетін Құрсай, Сайрам шағынауданы мен Қайнарбұлақ тұрғын алабының жаңақұрылыс аумағында құбыр тарту құрлысы жүріп жатыр. Құрсай шағынауданында екі кезең негізінде жүзеге асып жатқан су желісі құрылысының бүгінде 90 пайызы орындалып, аяқталуға таяп қалды. Негізінен осы үш елді мекенмен қосқанда қала аумағында 6 нысанда құрлысы жүріп жатыр. Олар –Құрсай 1,2 кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам шағынауданында 1,2 және 3 кезек, Еңбекші ауданындағы Тоғыс, Айнатас, Қаратөбе, Қарабастау, Жұлдыз және Жыланбұзған елді мекендерінің жаңақұрылыс аумағындағы 2288 абонентке арналған су құбырының желісі. Басқарма басшысының сөзінше, аталған алты нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, 72 мыңға жуық адам сапалы ауызға қол жеткізеді екен. Осылайша Шымкенттің ауыз сумен қамту көрсеткіші толық орындалып, 98,5 пайыздан 100 пайызға жетеді.
Кәріз жүйесі құрылысында да ауқымды жобалар бар
–Шаһардағы 24 шағынауданның халқы, яғни, 713,5 мың адам кәріз жүйесімен қамтылған. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Бозарық шағынауданындағы 74 гектар аумақтағы көпқабатты үйлерге магистралды кәріз желісі мен сорғы станциясының құрылысы аяқталып, қазір қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, биылғы жылы 10 нысанның құрылысы үшін 4,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа Тұраннан КОС-қа дейінгі және «ШымСити» кәріз коллекторы, Мирас, Шапағат-2, Асар-2, Тассай, Тұранның ішкі жүйелері, Қайтпас-2, Нұртас, 112-ші орам, Бозарық шағынауданындағы көпқабатты үйлерге ішкі орамдық жүйе құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі,-деді Мақсат Қабделұлы.
Осы жобалар іске қосылғаннан кейін тұрғындарға кәріз жүйесін тарту көрсеткіші 60-тан 65 пайызға өседі. Сонымен бірге, 2024 жылы 12 нысанда орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы басталмақ. Ал, 2025 жылға келіп, тағы 10 жобаның жоба жүзеге асып, қала халқының кәрізбен қамтылуы 75 пайызға жетпек.
Жаңақұрылыс аумақтары да жарқырап тұрады
Шымкенттегі барлық шағынаудандар 100 пайыз мемлекеттік жүйедегі электр қуатымен қамтылған. Бұрынғы жекеменшік трансформаторлардан жарық алу мәселесі бірте-бірте нарықтан ысырылып, қала тұрғындары сапалы электрдің игілігін көріп жатыр. Ендігі жерде жарық жеткізуде шағынаудандардың жаңақұрылыс аумағындағы жүйелердің құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Сайрам, Бозарық, Асар-2 және Құрсай шағынаудандарына электр желісін жеткізу құрылысы биыл басталды. Пайдалануға беру мерзімі 2024 жылға жоспарланып отыр.
– 2023 жылы электр қуатымен қамту бойынша 6 нысанда, оның ішінде 5 елді мекеннің ішкі жүйелері және 1 қосалқы станцияның құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстар үшін 4,3 млрд теңге қаржы қаралып, 2,6 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінген. Нысандарды атап айтар болсақ «Ақжар» қосалқы станциясы, Батыс, Тұран, Тұркістан, Нұрсәт және Қайнарбұлақ елді мекенінің жаңақұрылыс аумағында желі тарту құрылысы атқарылып жатыр. Одан бөлек, «110/35/10 кВ Ынтымақ» және «110/10 кВ Бадам» электр желісін тарату станция мен Бозарық, Асар-2 шағынауданының жаңақұрылыс аумағында құрылыс жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде, — деді басқарма басшысы.
Екінші жарты жылдықта Тұран, Түркістан және Нұрсәт шағынауданының жаңақұрылысында мердігерлер 153,2 шақырым аумақтағы ішкі жүйелерін тарту кезінде 15 электр тарату бекеті, 38 трансформатор және 1 қосалқы станцияны орнатады. Ал, алғашқы жарты жылдықта Батыс, Қайнарбұлақ елді мекенінде құрылыс аяқталып, 50 мыңға жуық адам сапалы электрді қолдануға мүмкіндік алды. Жыл қорытындысымен «Ақжар» 110/35/10 кВ қосалқы станциясы, Тұран РП және Түркістан шағынауданында құрылыс аяқталып, 12 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылмақ. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 98% — дан 100% — ға өседі.
Биыл 4 елді мекен табиғи газға қол жеткізеді
Өткен 2022 жылдың қорытындысымен қаладағы 81 шағынауданның 50-іне табиғи газ жеткізілсе, 27 шағынаудан жартылай, 4 елді мекен – Қайнарбұлақ, Тәуелсіздікке 20 жыл, Сәуле 276 орам және Айкөлдің жаңақұрылысы мүлдем қамтылмаған еді. 2023 жылдың бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, Тұран (3 кезек) мен Асар-2 шағынауданында құрылыс аяқталды. Жыл соңына дейін Тассай, Сәуле 276 орам, Солтүстік саяжай және Бозарық шағынауданындағы 74 гектар аумақтың құрылысын аяқтау жоспары бар. Осылайша жыл қортындысымен газ жеткізу көрсеткіші 94-тен, 96 пайызға өседі. Сондай-ақ, Ынтымақ-2 шағынауданында мердігер мекеме анықталып, газ құбырын тарту құрылысы басталып кетті. Аталған аумақтағы жұмыстар 2024 жылы пайдалануға берілмек. Ал. Қайнарбұлақтың 1, 2 кезең құрылысы үшін қаражат толық бөлінсе, мұнда да жұмыстар келер жылы аяқталуы күтіліп отыр.
Қаланың қысқы дайындығы қалай?
Шымкентте өткен қыс мезгілі әдеттегіден аязды келіп еді. «Жаз шанасын дайындаған» энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы қыста көпқабатты үйлерге жылу жеткізетін жүйелердін дайындығын пысықтауды сонау мамар айынан бастаған. Бүгінде қала аумағында 838,6 шақырымды құрайтын жылу жүйесі мен 23 қазандық, 17 сорғы станциясы бар. Мамандар осы жылу жүйелерінің тозу деңгейі 37 пайызды құрайтынын алға тартуда. Мәселен, қазандықтардың 30,5 пайызы, сорғы станцияның 41 пайызының тозығы жеткен. Жылу құбырларының тозу деңгейін төмендету үшін жергілікті бюджеттен 6,3 млрд теңге қаржы қаралыпты.
–Бөлінген қаржының 3,2 млрд теңгесіне 8,7 шақырым жүйені ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуде. Бүгінге дейін оның 4,9 шақырымы орындалып қойды. Қалған бөлігі қыркүйектің соңына дейін аяқталады. Ал, 3,1 млрд теңгеге 3 жоба негізінде 8,7 шақырым болған жылу жүйесі қайта құрылады. Қазіргі сәтте 2 жоба орындалып, 1,3 шақырымды бір жобаға қала прократурасының ұсынысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізілуде, — дейді қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы М.Ердембеков.
104 көше жарықтанады
Шымкент қаласында орталық маңызы бар 747 көшенің 472-сі жарықтандырылған екен. Бұл көшелердің 137-сі 2021 жылы, 115 көше 2022 жылы мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында жарықтандырылып, қамтылуы 29,5 пайыздан 63 пайызға өскен. Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылы 104 көшеге жарық шамдар орнатылады. Жырты жылдықтың қорытындысы бойынша, жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, 49 көшеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, жыл соңына дейін жоспарланған көшелерге жарық диодты шамдар орнатылып, қамту көрсеткіші 70 пайызға жетпек.
Ешкім елеусіз қалмайды
Жылдан жылға Шымкент халқының саны артуынан шағынаудандар жанынан жаңақұрылыс аумақтары ашылып, ол жерге инжинерлік-инфрақұрылым жүйесін тарту мәселесі туындайды. Басқарма осы мәселе төңірегінде 2022-2023 жылдарға арналған жоспар түзіп, 380,8 млн теңгелік 9 нысанға жобалау-сметалық құжат әзірлеу үстінде. Өткен жылы қала бюджетінен 58 млн қаржы бөлініп, оған бір нысанда, яғни, Сайрам шағынауданында үш кезек негізінде ауыз су тарту құрылысы жүргізілді. Биылғы жыл үшін 7 нысан, атап айтқанда Құрсайдың жаңақұрылыс аумағына электр мен газ, Гидрогеолог шағынауданына ауыз су, электр және табиғи газ, Жұлдыз бен Жалын елді мекені , Қаратөбе, Қарабастау, Еламан және .Тәуелсіздікке 20 жыл шағынаудандарының жаңақұрылыс аумақтарына табиғи газ құрылысына 191,5 млн теңге қаржы қаралып, бүгінде құрылысы жұмысы жүргізіліп жатыр.
–Ал, қалған бір нысан – «Қызылсу» 220/110/10 кВ электр тарату станция құрылысын аяқтауға тағы 131,3 млн теңге қаржы керек. Сондай-ақ, өткен 2022 жылы қала әкімінің елді мекендерді аралап, халықпен кездесу барысында берілген тапсырмасына сәйкес, инжинерлік жүйе тартылмаған 6 нысанға жобалу құжат әзірлену үстінде. Оның ішінде 4 нысан – Айқап, Ынтымақ-2, Асар-2, Бозарықтың жаңақұрылысының жобасы аяқталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қалған Ақжайық пен Таскеннің жаңақұрылысының жобасы жыл соңына дейін аяқталады, — дейді басқарма басшысы.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, шағын ауданның негізгі бөлігі бола ма, жаңа құрылыс аумағы бола ма, барлығына да кезең кезеңімен инфрақұрылым желілері жеткізіледі. Бұл мәселеде ешкім елеусіз қалмайды деген сөз.
Қосымша қаржы қажет
Инфрақұрылым жүйелерін тарту ісі қала сыртындағы индустриалды аумақтарда да қырқынды жүріп жатыр. Осы жылдың алғашқы тоқсанында Жұлдыз, Тассай және Бозарық индустриалды аймағын инженерлік инфрақұрылым жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 9,5 млрд теңге қаржы бөлініп, бүгінде бұл қаражатқа құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқарма басшысы осы индустриалды аймақтардың инженерлік жүйелерінің құрылысын толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен 4,4 млрд теңге қаржы қажет екенін алға тартып отыр. Нәтижесінде 3 индустриалды аймақ инженерлік жүйелермен қамтылып, кәсіпкерлер өндіріс орындарын орналастыруға мүмкіндік алады.
Қолайлы орта мен толыққанды инфрақұрылым жүйесін қамту бойынша қала билігі әрқашан тұрғындардың ұсынысын назарсыз қалдырған емес. Жобалар әзірленген, жұмыстар кезеңімен атқарылып жатыр. Десе де, барлық жобаны қысқа мерзімде орындау мүмкін еместігі әмбеге аян. Ендігіде жұмыстардың аяқталуына уақыт қажет.
Мақсат Ердембеков