Осыдан жеті жыл бұрын БҰҰ-ның мерейтойлық саммитінде 193 елдің көшбасшылары «Біздің әлемді қайта құру: 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы күн тәртібі» құжаты ретінде Орнықты даму саласындағы мақсаттарды (ОДМ) қабылдады. ОДМ-ды іске асыру қазіргі заманғы сын-қатерлер мен проблемаларды шешу, мемлекеттер халқының өмір сүру сапасын жақсарту жолымен әлем елдерін орнықты және тұрақты даму жолына шығаруға тиіс. Құжатта 2030 жылға қарай қол жеткізу болжанып отырған 17 жаһандық мақсат, 169 тиісті міндет және 242 индикатор қамтылған. ОДМ-ды сипаттайтын үш түйінді қағида бар: әмбебаптылық – ОДМ барлық елдегі адамдарға қолданылады, кешенді тәсіл – егер ОДМ бір-бірінен бөлек жүзеге асырылатын болса, орнықты даму саласындағы күн тәртібі тиімді орындалмайды, ешкімді артта қалдырмау – пайда мен артықшылықтар алуда осал топтардың басымдығына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар көп жоспарлы міндеттер мен индикаторлар санының көптігін, олардың өзара байланысын ескерсек, ОДМ-ға қол жеткізу процесі көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан әрбір ел ұлттық деңгейде сын-қатерлер мен тосқауылдарды еңсере отырып, өз ерекшелігіне қарай ОДМ-ды іске асырудың өзіндік бірегей жолын таңдайды. Бұл ретте басқа ОДМ-ға ертерек немесе аз шығынмен қол жеткізуге көмектесетін, жалпыға бірдей танылған ОДМ үдеткіштері мен акселераторының бірі ретінде гендерлік теңдік немесе №5 ОДМ саналады. Бұл факт гендерлік теңдік факторының экономика мен әлеуметтік салаға оң әсерін көрсететін көптеген зерделеу мен түрлі саладағы зерттеулермен расталып отыр. Атап айтқанда, қоғамда гендерлік теңдіктің болмауы жұмыскерлерді жалдау кезінде қабілетті әрі дарынды үміткерлерді таңдаудың шектелуіне байланысты адами капиталдың азаюы арқылы экономикаға кері әсерін тигізетіні расталды. Өз кезегінде бұл экономикада кәсіпкерлік пен экономикалық әртараптандыру үшін аса маңызды жаңа идеялардың пайда болуына кедергі келтіреді. Мәселен, Халықаралық еңбек ұйымы жүргізген зерттеуге сәйкес еңбек нарығындағы гендерлік алшақтықты қысқарту 2025 жылға қарай жаһандық жұмыспен қамтылуды 189 млн адамға немесе 5,3%-ға арттыруы мүмкін. Бұл 2025 жылы әлемдік ІЖӨ-ні 3,9%-ға немесе 5,8 трлн долларға арттыра алар еді. Бұдан ең көп пайданы гендерлік алшақтығы аса үлкен өңірлер, атап айтқанда, Солтүстік Африка (ІЖӨ-нің 9,5%-ға артуы), Араб мемлекеттері (ІЖӨ-нің 7,1%-ға артуы) және Оңтүстік Азия (ІЖӨ-нің 9,2%-ға артуы) көреді. Әйелдер ауыл шаруашылығында маңызды рөл атқарады. Мәселен, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бағалауы бойынша егер бүкіл әлемдегі әйелдер өндірістік ресурстар мен мүмкіндіктерге дәл ерлер сияқты қол жеткізе алса, онда олар өздерінің ферма шаруашылықтарының өнімділігін 20-30%-ға арттыратын немесе 100-ден 150 млн-ға дейін адамды аштықтан құтқара алатын еді.
R-ақпарат