• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Гендерлік саясат – қоғам теңдігі

Автор:admin

Окт 2, 2022
Spread the love

Біздің халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы деп бағалаған. «Халық айтса қалт айтпайды» дегендей, ерлі-зайыпты адамдарға арнап айтылған осы бір тамаша теңеу ғасырдың тереңінен толғанып, өмірдің бай тәжірибесінен шыққан болса керек.

Тәуелсіз Қазақстанның заңнамаларында әйелдер мен ер адамдардың теңдігі нақты тұжырымдалған. 1998 жылы Қазақстан «Әйелдерге қатысты барлық төмендетушілік түрлерін жою туралы» халықаралық конвенцияны ратификациялады. Қазақстан, сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» Конвенциясын да ратификациялады.

Осыдан кейін гендерлік саясатты жүзеге асыру жұмыстары да жандана түсті. Гендерлік саясат дегеніміз — қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет.

Гендерлік саясат Елбасының 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясына сай жүргізіледі.

Стратегия мемлекеттің гендерлік саясатын жүзеге асыруға бағытталған негізгі құжат. Стратегияны жүзеге асыру мақсатында 2009 жылы Қазақстандық заңнаманы күшейтетін 2 заң қабылданды. 2009 жылы 4-ші желтоқсанда  «Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң қабылданды. Ол  азаматтардың отбасылық – тұрмыстық қатынастары саласындағы заңдық мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған.  Қабылданған заң  әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу жолында шынайы құқықтық жағдай жасап келеді.

2009 жылы 8-ші желтоқсанда «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заң қабылданды. Заң мемлекеттік органдар басшыларына ерлер мен әйелдердің тәжірибелеріне, қабілеттеріне және кәсіптік даярлықтарына сәйкес мемлекеттік қызметке тең қолжетімділігінің қамтамасыз етілуін, олардың жергілікті басқару органдарында, сондай-ақ мемлекеттік биліктің заңнамалық, атқарушылық және сот тармақтарында тең серіктестік қатынастарының сақталуын міндеттейді.

Қазір таным-түсінік, өмірлік ұстаным еркектер мен әйелдердің өмір сүру салты мен қоғамның дамуына қосатын үлесін теңестірді. Әйелдер мен ерлер мемлекеттің дамуы мен өркендеп, гүлденуі жолында әр-түрлі салада тең дәрежеде еңбек етуде.

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, бүгінде әйелдер саясатта болсын, бизнесте болсын және экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әр түрлі салаларында болсын, ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктілігін, қабілет-дарынын, іскерліктерін көрсетіп келеді. Олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне азаматтармен қатар сүбелі үлестерін қосып жүр десек артық айтқандық емес.

Әлбетте, ой  сананың  теңдесуіне  ешкімнің қарсылығы  жоқ,  бірақ  теңдік  қазақ менталитеті дəстүріне сай болуы тиіс екенін де ұмытпауымыз қажет.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика