• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ: ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Автор:admin

Окт 2, 2022
Spread the love

Бүгінгі күні елдегі гендерлік саясаттың негізгі қағидаттары, басымдықтары мен міндеттері 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасында айқындалған. 2019 жылы аталған тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесі жаман емес. Елде гендерлік теңдік пен саясат мақсатты түрде жүзеге асып келеді деуге негіз бар.

«Қазақстан әйелдерді жұмыспен қамту мәселесі бойынша экономикасы жоғары дамыған елдерден кем түспейді. 2018 жылғы есепке сенсек, елдегі экономикалық белсенді халықтың 64,8 пайызын әйелдер құрайды. Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарымен елде әйелдер еңбегін пайдалануға тыйым салынған жұмыс орындарының тізімі жаңартылды. Бұл жерде әңгіме теңсіздік турасында емес, жұмыстың ауырлығы ескеріледі. Қазіргі кезде технология дамып, өндіріс процестерін автоматтандыру қарқын алуда. Есесіне, әйел еңбегін пайдалануға тыйым салынған кәсіптер саны азаюда. Мысалы, 2018 жылы тыйым салынған мамандықтар саны 287-ден 187-ге дейін қысқартылған», – дейді Жанна Кәрімова.

Сарапшының айтуынша, соңғы жылдары әйелдердің шағын және орта бизнестегі белсенділігі айтарлықтай артып отыр. Тіркелген белсенді кәсіпкерлердің ішінде әйелдердің үлесі 43,2 пайызды құрайды. Елдегі әйелдер басшылық жасайтын шағын, орта және ірі кәсіпорындардың салмағы 28 пайызға жуық. Әрбір төртінші шаруа және фермер қожалығын нәзік жандылар басқарады. Бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш деп ауыз толтырып айтуға болады. Сондай-ақ, 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым әйелдердің құқықтары мен мүдделерін шешуге белсенді атсалысса, кәсіподақтар мен үкіметтік емес ұйымдардағы басшылық лауазымдардың 32 пайыздан астамын әйелдер құрайды.

«Мемлекет әйелдердің саясаттағы рөліне баса назар аударып отыр. ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының жалпы құрамындағы әйелдердің үлесі 18,4 пайызға жетті. Парламенттің төменгі палатасындағы нәзік жандылардың да үлесі біртіндеп көбеюде. 1996-1999 жылдар аралығын қоса есептегенде Мәжіліс депутаттарының арасында әйелдердің үлес салмағы 11,76 пайызды құраса, бұл көрсеткіш 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін 27,8 пайызға дейін артқан. БҰҰ деректеріне сүйенсек, әлем бойынша төменгі палатадағы әйелдердің орташа өкілдігі 23,4 пайыз. Бұл – біздегі көрсеткіштің едәуір жоғары екендігінің анық айғағы. Жергілікті басқарушы органдарда да әйелдердің үлесі бар. Пайыздық көрсеткішпен айтсақ, облыстық мәслихаттарда жуықтап алғанда 16 пайыз, қалалықта 23 пайыз, ал аудандық мәслихатта 24 пайыздай әйелдердің үлесі бар. Сонымен қатар, нәзік жандылар мемлекеттік қызметтерде де жиі төбе көрсетеді. Олардың үлесі 2013 жылы 49 мыңнан асса, 2017 жылдың өзінде-ақ 50 мыңнан асқан. Сайлауалды партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілгенін де атап өту орынды», – дейді Жанна Кәрімова.

Елімізде халықаралық озық тәжірибелерге сүйене отырып жасалған мемлекеттік бюджетті гендерлік жоспарлау негіздері енгізіліп жатыр.

«Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша мемлекет тиісті шараларды қабылдап жатқанымен, мәселе толыққанды шешім таппай келеді. Мысалы, ер мен әйел еңбекақысындағы алшақтықты азайту бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймай отыр. 2018 жылғы есепке сенсек, әйелдер табысы ерлер табысының 66 пайызын құраған. Ел ішіндегі ер мен әйелдің тең құқылығы мемлекеттің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Сол себепті де әлем елдері әйелдердің құқығын ерлермен теңестіруді дұрыс деп есептейді. Осы тұрғыда біздің мемлекетіміз де әйелдің қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында іс-шараларды қабылдауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйел мүддесін ілгерілету және құқықтарын қорғау, сайлауалды партиялық тізімдер бойынша әйелдер мен жастар үшін квота енгізу, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту, әлеуметтік көмек көрсетуді жетілдіру сияқты мәселелерді назарға алуы – сөзімізге дәлел», – деп санайды Жанна Кәрімова.

Расында, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 2006 жылы Парламент Мәжілісіндегі әйелдердің үлесі 10 пайыздан сәл асса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш едәуір жоғарылаған.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика