Әйелдердің саяси процестерге қатысуы да тиімді қоғамдастықтар құрудың ажырамас бөлігі саналады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, әйел парламентшілер білім беру, денсаулық сақтау, бала күтімі, жұмыс орындары, зейнетақымен қамсыздандыру және кедейлікті азайту сияқты адами капиталды жақсарту және өмір сүру деңгейін арттыру мәселелеріне басымдық беруге бейім. Мысалы, 1980 жылдан 2011 жылға дейінгі кезеңде ЭЫДҰ-ның 27 еліндегі мемлекеттік шығыстарға жасалған талдау парламенттердегі әйелдердің саяси өкілдігі отбасылық жәрдемақыларға арналған жоғары шығыстармен оң байланысын көрсетеді (Ennser-Jedenastik, 2017). Тікелей әсер етуден басқа, гендерлік теңдік балалардың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай жанама үлес қосады. Көптеген эмпирикалық дерек әйелдердің кірістер мен ресурстарға қол жеткізуінің кеңеюі, тамақтану мен білім берудің жақсаруы олардың балаларының денсаулығы мен біліміне қатысты жоғары нәтижелерге әкелетінін көрсетеді. Ғалымдар 1970 жылдан 2009 жылға дейінгі кезеңдегі 175 елдің деректерін (Gakidou et al. 2010) қолдана отырып, ұрпақ әкелетін жастағы әйелдерді оқытумен жылына балалар өлімі 9,5%-ға төмендейтінін анықтады. Керісінше, әйелдер кедейлік пен жұмыссыздыққа тап болған кезде ерте жастағы балалардың дамуына теріс әсерін тигізеді. Жалпы алғанда, ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын қамтамасыз ету кедейлікті жою (№1 ОДМ), тамақтануды жақсарту (№2 ОДМ), саламатты өмір салтын қамтамасыз ету (№3 ОДМ) және білім беру сапасы (4 ОДМ), таза суға және санитарияға қолжетімділікті қамтамасыз ету (6 ОДМ), экономикалық өсуге және жұмыс орындарын құруға жәрдемдесу (8 ОДМ) және басқа да мақсатқа қол жеткізу үшін маңызды мәнге ие. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша көптеген мемлекетте ерлер мен әйелдердің тиісті тең құқығының жоқтығынан және әйелдер әлеуетінің толық іске асырылмауынан әлем 30 трлн долларға дейін жоғалтады. Жаһандық бастамалардың белсенді қатысушысы ретінде Қазақстан да ОДМ-ды іске асырумен мақсатты түрде айналысады. Күш-жігерді шоғырландыру үшін Қазақстан Үкіметінің жанынан ОДМ-ды іске асырудың негізгі бағыттары жөніндегі Үйлестіру кеңесі құрылды. Бұл – ОДМ-ды ілгерілету бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу үшін құрылған консультативтік-кеңесші орган. Елдің негізгі стратегиялық құжаттарында белгіленген басымдықтар мен міндеттердің барлығы дерлік ОДМ-ға сәйкес келеді. Нәтижесінде, 2019 жылы жүргізілген кешенді бағалау ОДМ-ның 80%-ға жуығы ұлттық стратегиялық құжаттармен үйлесетінін көрсетті. Бұл ретте гендерлік теңдіктің «толассыз тәсілін» және басқа мақсаттарға қатысты оның «акселератор» мәртебесін түсіне отырып, Қазақстан №5 ОДМ-ға қол жеткізуде белсенді шаралар қабылдауда. Кейінгі онжылдықта елімізде ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласында көптеген реформа жүргізілді. Гендерлік теңдікті дамытуға қатысты бірқатар халықаралық уағдаластық бойынша міндеттемелер қабылданды және іске асырылды. Оның ішінде Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы БҰҰ Конвенциясы (CEDAW), Бейжің декларациясы және іс-қимыл платформасы, Мыңжылдық декларациясындағы даму мақсаттары және 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттары бар.
R-ақпарат