Шымкент қаласы Абай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Самал-3» шағын ауданында жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту бағытында кездесу өтті.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Е.Байқонақов, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесінің қызметкерлері, «Самал-3» шағын ауданының ауыл билерімен, белсенді азаматтары, жастары және тұрғындары қатысты.
Жиында Мемлекет басшысының Ассамблеяның XXXII сессиясындағы баяндамасының бағыттары түсіндіріліп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау, мемлекеттік этносаясатқа қатысты құқықтық тұрғыдағы ақпараттар, қолданыстағы заңнамалардың сақталуы, мемлекеттік тілдің мерейін асыру мәселелері, жастардың міндетті әскери борышты өтеуі, барлық этностардың қазақ халқының маңына топтасуы қажеттігі, т.б. мәселелер сөз болып, өзара пікірлер алмасылды.
Жалпыұлттық бірлік дегеніміз – бір мемлекетте өмір сүрген адамдардың тағдыр-талайы, арман-мақсаты да бір дегенді білдіреді. Тағдыр мен мақсаты бір адамдардың Отаны мен Елі бір болуы керек! Олар не ойласа да, бір Елдің, бір Мемлекеттің ғана мүддесін ойлауы тиіс. Сонда ғана Жалпыұлттық бірлік сөзінің мәні өздігінен айқындалады. Жалпыұлттық бірлікті сақтау үшін басқа этнос өкілдері қазақ халқының айналасына топтасуы керек. Қазақ басқа ұлт өкілдерін қалай құрметтеп, төріне шығарса, басқа халықтар да қазаққа сондай құрмет көрсетіп, оның тілін, дәстүрін, салтын, мәдениетін, жерін, мемлекетін, заңын сыйлауы қажет! Қазақ халқының айналасына топтасу деген – осы. Қазақ халқын құрметтеймін, тілін білемін, дәстүріне құрметпен қараймын дейтіндер көп шығар. Бірақ бұл аздық етеді. Бір-екі адамның құрметі жалпыұлттық бірліктің көрсеткіші бола алмайды. Бүкіл қоғам бір ниетке шоғырлануы керек. Жалпыұлттық бірлік деген сөз жалғыз қазақтың бірлігі емес. Бұл Қазақстанды мекендеген барша этнос өкілдерінің бірлігі. Мысалы, Қазақстанның мүддесі немесе қазақ ұлтының мүддесі деген сөзді естісек, жалғыз қазақ халқының мақсат-мүддесі деп түсінбеуіміз керек. Ол – бүкіл Қазақстан деген алып мемлекеттің мүддесі.