Биыл шаһарда азаматтығы жоқ және басқа топтарға жататын 596 тұлға алғаш рет емханаға тіркелді. Сондай-ақ, пациенттер үшін қашықтан медициналық көмек көрсету қызметі жанданады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникация орталығында емханаға тіркелу науқанының қорытындысын жариялаған брифингте айтылды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Раймбекұлы емхананы еркін таңдау барысында Шымкентте 1 170 048 тұлға 59 емханаға тіркелгенін атап өтті.
– Статистикалық мәліметтер тіркеу науқанына қала тұрғындарының жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Өткен жылы Шымкент қаласы бойынша 4 570 шетелдік пен 412 қандасымыз «Емханаңды таңда» акциясы аясында медициналық ұйымдарға тіркелген. Ал, биыл бұл жеңілдікті 128 шетелдік пен 18 қандасымыз пайдаланған. Науқан аясында азаматтығы жоқ және басқа топтарға жататын 596 тұлға алғаш рет емханаға тіркелді. Ал еркін таңдау құқығын пайдаланбаған тұлғалар бұрын қызмет көрсетілген ұйымына бекітілген болып қалады, – деп атап өтті Сәбит Құралбек. Акция аясында емханасын таңдаған пациенттер медициналық қызметті келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап алады.
Бұдан бөлек, енді қала және ауыл тұрғындарына медициналық қызметтерді қашықтан алуға мүмкіндік жасалады. Арнайы профилді дәрігерлер, оның ішінде қазақстандық және шетелдік ғылыми орталықтардың мамандары пациенттің медициналық мекемеге келмей онлайн режимде консультация алуына жағдай жасалады.
–Медициналық қызметтерді қашықтан алуға қатысты сұрақтар болса, пациент учаскелік дәрігеріне немесе өз емханасындағы пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуге болады, -деді жауапты басшы.
«2022 жылдың қыркүйегінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды сақтандыру тәртібі өзгерді. Бұдан былай аталған санаттағы тұрғындар алдағы 12 айға жарна төлеп сақтандыру жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Мәселен, пациент МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалану үшін өткен жылдың берешегін өтемей, 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін жарна аудара алады. Статус 3 күннен кейін беріледі, себебі екінші деңгейлі банктер төлемдерді 3 күн өңдейді. Бұрынғы тәртіп бойынша сақтандыру статусына ие болу үшін өткен 12 айдың қарызын өтеу қажет болатын. Жаңа механизм 5-қыркүйектен бастап толыққанды іске қосылды. Сарапшылар болжамынша, бұл әдіс сақтандырылмаған азаматтардың шамамен 30 процентін сақтандырумен қамтуға мүмкіндік береді», — деді С.Құралбек.
Сақтандырылған азамат медициналық қызметті керегінше пайдалана алады. Мәселен, өз бетінше сақтандырылатын азаматтар бір жылда 36 мың теңге төлейді. Бірақ көрсетілетін қызмет саны мен көлемі бұл қаражатпен шектелмейді.
Шымкент қаласы бойынша халық саны 1 127 604, онын ішінде сақтандырлғандар 899 837 (79,8%), сақтандырылмаған азаматтар 227 767 (20,2%), оның ішінде жұмысшылар 43 043 (үзілді-кесілді төлеушілер), азаматтық құқықтық келісім шарт бойынша жұмыс жасаған тұлғалар 6 481, жеке кәсіпкерлер тіркелгендер 5 974, бірыңғай жиынтық төлемдерін жүргізген (әрі-қарай БЖТ) 2 925, дербес төлеуші болған 5 193, басқалар 263, соңғы 12 айда МӘМС-ға төлемдер түспеген тұлғалар 163 886.
Сонымен қатар халық саны 9 айыдың ішінде 1 111 620-нан 1 127 604-ке көбейген.
Қазір МӘМС қаражаты есебінен адамдар бұрын тек ақылы түрде қолжетімді болған медициналық қызметтерді ала алады.