Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері — Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Мақсат – Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасыныңның жұмыс методикасымен танысу, әлеуметтік мекемелердің жұмыс барысын көзбен көріп, жалпы тәжірибе алмасу.
Арнайы топ құрамында Атырау облысының 7 ауданының әлеуметтік сала жетекшілері бар. Батыс Қазақстандық әріптестер, бірінші — қаламыздың зейнеткерлеріне қызмет көрсететін «Белсенді ұзақ өмір» орталығында болды. Бүгінгі таңда 800-ге жуық ардагерлердің уақытын тиімді ұйымдастыруға үлес қосып отырған мекеменің жұмыс жасау методикасымен танысып, барысын көзбен көріп, қызмет алушылармен тілдесті.
Құралай Тлеумағамбетова – Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
— Бүгін сапар аясында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының базасында болдық. Қариялардың белсенділігін арттыруда орны ерекше мекемені біз өз аймағымызда да ашуға ниеттіміз. Барлық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген мекеменің жұмысы көңілімізден шықты.
Түс ауа, арнайы топ өкілдері №4 балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына және «Бақытты жанұя» мен «Тең қоғам» мекемелеріне барды. Қос тарап, аймақтардағы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік саладағы әдістемелер туралы өзара пікір алмасты.
Осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда Шымкент қаласы мен Атырау облысы арасында өзара байланыс алдағы уақытта да, нығая бермек. Айта кетейік, Атырау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыс сапары апта бойы жалғасатын болады.
2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша биылғы жылы 57 696 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарлануда. Оның 35 276 орны– тұрақты, 18 128 орны – уақытша жұмыс орындары. Бүгінге күнге, яғни 6 айда 30 481 адам жұмыспен қамту шараларына қатысып отыр, яғни жоспар 52,8% орындалды.
Ал, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде осы жылы 33 500 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, оның ішінде 20 759 орын тұрақты жұмыс 8 449 орын уақытша жұмыс орындары белгіленіп отыр. Жыл басынан бері 13 363 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты.
Жалпы, Шымкент қаласы республикалық көрсеткіштер бойынша азаматтарды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру бағытында алдыңғы қатарында. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындарына 90 адамды жолдау жоспарланса, бүгінде 123 азамат жұмыспен қамтылды. Яғни, жоспар артығымен 136,7% орындалып отыр. Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 227 адам жолдау жоспарланса, нақты 227 (88,2%) адам жолданды. Қоғамдық жұмыс 2188 адамға жоспарланған болса, нақты 2177 адам жұмысқа орналасты. «Жастар практикасы» бағдарламасына биылғы жылы 2098 жасты жолдау жоспарланып, бүгінде 1063 адам жұмысқа орналасты.