• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

АНА МЕН БАЛАНЫ ҚОРҒАУ – МЕМЛЕКЕТ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ(1)

Автор:admin

Дек 6, 2022
Spread the love

Ана мен баланы қорғау кез келген мемлекеттің ішкі саясатының басым бағыты ретінде қарастырылады. Сонымен қоса ана мен баланы қорғау – мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығының да өзекті саласы. Мемлекеттік саясаттың осы бағытының мән-маңызы және осы мәселеге халықаралық қауымдастықтың ерекше назары халықтың репродуктивті деңгейі, мемлекеттің еңбек, зияткерлік әлеуеті, жас ұрпақтың физикалық, рухани және адамгершілік дамуы әйелдер мен балалардың денсаулығы, әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты екендігін көрсетеді.
Ана мен баланы қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігі құқықтық база мен іске асыру механизмдеріне келіп тіреледі. Бүгінгі таңда осы саланы тиімді реттеуге мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық база қалыптасқан. Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, ана мен баланы қорғау саласындағы құқықтық база БҰҰ құрылғанға дейін де қалыптаса бастады. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуымен бұл мәселе айтарлықтай кең, жаһандық мән берілді. 1948 жылғы қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында «Ана мен бала ерекше қамқорлық пен көмек алуға құқылы» делінген. Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас конференциясы 1952 жылы ананы қорғау туралы Конвенцияны қабылдады. Ал 1959 жылы Бала құқықтары жөніндегі арнайы декларация қабылданды.
1966 жылы экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіде физикалық және психикалық денсаулықтың ең жоғары деңгейіне қол жеткізу құқығы танылды. 1981 жылы шыққан «Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы» Конвенция қатысушы мемлекеттердің аналарға тиісті медициналық көмек көрсетуін міндеттейді. 1989 жылғы Бала құқықтары туралы Конвенция балалардың денсаулығына кепілдік береді. Мемлекеттер ананы қорғау саласында тиісті қызмет көрсетуге міндеттеледі. Ал, 1990 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар жөніндегі дүниежүзілік саммитінде мемлекеттер өздерінің бірлескен мәлімдемелерінде «…әр баланың жарқын болашағына жағдай жасап, әйелдердің құқығы мен балалардың әл-ауқаты арасындағы байланысты мойындайтынын» жариялады. 1993 жылы өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитетінің жиынында ана өлімінің жоғары көрсеткіштері өзекті проблема ретінде айтылды.
1996 жылы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті әйел зорлық-зомбылық салдарынан жүкті болып, түсік жасағаны үшін қылмыстық жазаға тартылған жағдайда, оның адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттен бас тарту құқығының бұзылуы талқыланды. БҰҰ даму жөніндегі халықаралық конференциясы және Әйелдер жөніндегі төртінші дүниежүзілік конференциясы әйелдердің жүктілік пен босану кезіндегі тиісті медициналық көмек құқығын бекітті. 2000 жылы БҰҰ экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі комитеті «балалар мен аналардың денсаулығын сақтау, жыныстық және репродуктивті денсаулық сақтауды жақсарту» шаралары қажет деп мәлімдеді. Бұл жерде жыныстық және репродуктивті денсаулық жалпы денсаулық құқығының ажырамас элементі ретінде айтылды.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика