Мегаполис жастары «Алғашқы көмек көрсету» тақырыбында оқу жаттығу тренингінен өтті, деп хабарлайды R-factor.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараның мақсаты: жастар арасында азаматтық қорғау органдарының қызметі туралы түсініктерін дамыту, «Төтенше жағдайлардың алдын алу» туралы жалпы мәлімет беру, олардың алдын алу тәсілдерімен және алғашқы көмек көрсету шараларымен таныстыру. Сонымен қатар жастарды алғашқы секундтарда дұрыс әрекет етуге үйрету. Дәріс барысында студенттердің негізгі назары өмір қауіпсіздігі негіздеріне аударылды. Департамент қызметкерлері оларды төтенше жағдайлардың пайда болу себептері мен түрлері және оларды жою тәсілдерімен таныстырды. Олар өрттің негізгі себептері мен қауіпті факторлары, тұтану мен өртті жою шаралары, сондай-ақ су айдындарындағы жүріс-тұрыс ережелері туралы айтып берді. Су асты құралдарын практикалық жүзінде пайдалану жайын көрсетті.
Семинар барысында Шымкент қалалық Жедел-құтқару жасағының мамандары әр түрлі жарақаттар, сынық, буынның шығуы, улану, суға бату, күю, үсу, электр тоғы соғу тағы басқа жағдайлардағы алғашқы көрсетілетін көмекті көрсетті.
Алғашқы медициналық көмек — бұл дәрігерлер келгенге дейін оқиға орнында зардап шеккен адамға көрсетілуі керек шаралар кешені. Ең жиі кездесетін төтенше жағдайларда көрсетілуі тиіс алғашқы көмектерді қарастырайық
Алғашқы медициналық көмек оқыс оқиға болған орында зардап шеккен немесе күрт науқастанған адамға «жедел жәрдем» келгенге дейін алғашқы медициналық ем шараларын жасауды қарастырады. Алғашқы медициналық көмек жәбірленуші қандай жарақат алуына қарай көрсетіледі.
Онда:
Апатқа түскен адамды апат әсерінен құтқару (өрттен, судан шығару);
Апаттың зиянды әсерін тоқтату (адамды жылыту, иіс тисе таза ауа жұтқызу);
Қан тоқтату, жараны байлау, сынған аяқтың немесе қолдың қозғалысын тежеу;
Жасанды дем алдыру, жүрекке жабық массаж жасау, апатқа түскен адамды тезірек емдеу мекемесіне жеткізу немесе жедел медициналық көмек көрсететін дәрігерлер тобын шақыру керектігі түсіндірілді.