Шымкентте 1 – желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай семинар өтті. Қалалық «ЖИТС-тің алдын алу және оған күрес жөніндегі» орталығында дәрігерлер саладағы озық жетістіктер мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады.
Жиында орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылға арналған «Теңдік уақыты» тақырыбында баяндама жасады.
–АИТВ пен ЖИТС жайлы көп ақпарат білген адам зертханалық тексеруден өтуге қорықпайды. Халық арасында таралған түрлі қауесеттің салдарынан көбіне азаматтар зертханалық талдау жасатуға жүрексінеді. Шымкент қаласында 1 миллионнан астам халық болса, оның 200 мыңдайы ғана тексеруден өткен. Вируспен күресте тек медицина саласының мамандары ғана емес, қоғам болып жұмылғанда ғана көзделген нәтижеге қол жеткіземіз. «Теңдік уақыты» ұраны – бәрімізді ЖИТС-ті жоюға қажетті тексеруден өтуге шақырады, — деді бас дәрігердің орынбасары.
ЖИТС орталығында қазір АИТВ-мен өмір сүретін 1520 адам антиретровирустық терапияны қабылдауда. Дәрігерлер күніне 1 таблетка қағидасы негізінде емдеу ісін жүргізіп жатыр. Емделушілерге барлық дәрі-дәрмектер тегін, олардың аты-жөндері құпия сақталады.
2021 жылы орталық зертханасы халықаралық аккеридациядан өтіп, қажетті құрылғылармен толығыпты. Нәтижесінде вирусті анықтауда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 4-буын зертханалық талдауы іске қосылып, АИТВ жұқтырған жүкті әйелден балаға жұғу қауіпі 97 пайызға төмендеген. Мұндай талдау арқылы адамның иммун тапшылығы вирусын қан арқылы ғана емес, сілекей сұйықтығынан анықтауға мүмкіндік береді.
АИТВ алдымен иммундық жүйенің клеткаларын (CD4+ Т-лимфоциттер, макрофагия және дендриттік клеткалар), сондай-ақ клеткалардың кейбір түрлерін жұқтырады. Вирус клеткаға ене отырып, белсенді түрде көбейеді. Бұл соңында жұқтырылған клеткалардың бұзылуына және жойылуына әкеп соғады. АИТВ-ның болуы уақыт өте келе иммуноқұзіретті клеткаларды іріктеп жоюы және олардың субпопуляциясы басуының салдарынан иммундық жүйенің бұзылуына әкеледі. Клеткадан шыққан вирустар жаңадан еніп, цикл қайталана береді. Ақырындап CD4+ лимфоциттердің саны соншалықты азайып, ағза дұрыс қызмет істеп тұрған иммундық жүйесі бар дені сау адам үшін қауіпсіз немес онша қауіпсіз оппортунистикалық инфекциялардың қоздырғыштарына қарсы тұра алмайды.
ЖИТС – жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромы, аурудың соңғы, терминальды сатысы. АИТВ адам ағзасындағы оппортунистикалық аурулар дами бастағанда иммундық жүйені белгілі бір жағдайға дейін әлсіретуі мүмкін. ЖИТС диагнозы әдетте CD4+ лимфоциттердің бұзылу салдарынан иммундық жүйенің үдемелі әлсіруіне әкелетін, адамда бір немесе бірнеше өте қауіпті аурулар дамығанда, АИТВ жұқтырғанан кейін бірнеше жыл өткен соң қойылады. Қазіргі таңда бар ретровирусқа қарсы терапия вирустың белсенділігін және иммундық жүйеге тигізетін зиянды төмендетуге мүмкіндік береді, осылайша АИТВ жұқпасының ЖИТС стадиясына өтуіне және дамуына кедергі келтіреді.