Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қабылдады. Президентке биылғы 10 айдағы криминогендік жағдай туралы есеп берілді, деп хабарлайды Ақорда.
Министрдің мәліметінше, кісі өлтіру, зорлық-зомбылық, тонау, ұрлық, мал ұрлығы, сондай-ақ бұрын сотталғандар тарапынан, мас күйінде және отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстар азайған.
Мемлекет басшысына құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары, атап айтқанда, отбасылық-тұрмыстық салада зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі кешенді шаралар әзірлеу туралы мәлімет берілді.
Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстың себептері мен қаржыландыру көздерін жоюға баса мән бере отырып, оларға қарсы күрес тәсілдерінің өзгергені жөнінде баяндалды.
Министрдің айтуынша, бопсалаумен, адам саудасымен, қару-жарақты, есірткіні заңсыз сатумен және басқа да қылмыстармен айналысқан 33 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.
Полицейлер заңсыз айналымдағы 12 тоннаға жуық есірткіні, соның ішінде оның 212 кг синтетикалық түрлерін тәркіледі. 36 есірткі зертханасы мен 43 есірткі каналы жойылды, есірткі жарнамалайтын 1900 сайт бұғатталды. Министрлік нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы үш жылға арналған Кешенді жоспар әзірлеп жатыр.
Сонымен қатар президентке «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жеке заң әзірленіп жатқаны туралы баяндалды.
Кездесу соңында Тоқаев елімізде азаматтардың қауіпсіздігін және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.
Қазақстан да әлемнің көптеген елдері сияқты адам саудасымен күресті басты бағдар етіп алған. Бұған қарамастан адамды саудалау, оны ұрлау, еркінен тыс мәжбүрлеп жұмыс істету фактілері толастар емес.
Әлемде және Қазақстанда адам саудасына қатысты кең тараған сала жезөкшелік, яғни тән саудасы арқылы ақша табу. Қазақстаннан құлдыққа, яғни жезөкшелікке түсетін әйелдер шет мемлекеттерге, әсіресе Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы секілді елдерге тасымалданады. Туризм, жұмыс істеу мақсатында шет мемлекеттерге барып, сол жерден құлдыққа түсетін отандастарымыз аз емес. Бұл аталған елдерге Қазақстан азаматтары үшін визалық жеңілдіктердің болуымен де байланысты.
Сондай-ақ, көршілес Орталық Азия елдерінен, яғни Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келіп, тәнін саудалайтын әйелдердің саны азаймай отыр. Аталған елдерден Қазақстанға құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда-саттық саласында еңбек етуге келіп, құлдыққа ұшырап жататын ер азаматтар да бар. Бұл да сол елдердегі экономикалық жағдайдың әсері болса керек. Адам саудасы фактілерінің көші-қон үдерістерімен бірге өсетінін мониторинг жұмыстары дәлелдейді.