Мақалада адамды саудаға салумен күрестің өзекті мəселелерінің бірі — адамды саудаға салудың шетелдік заңнамаларда реттелу ерекшеліктеріне назар аударылды. Мақалада халықаралық құқықтық аренадағы адам саудасына қатысты, адам саудасына қарсы тұру мен қазіргі заманғы құлдық түріне ұшырағандарға көмек көрсетуге бағытталған бірқатар шет мемлекеттердің заңнамалық-құқықтық базасы зерттелді. Бұл орайда негізгі ерекшелігі, адам саудасына қатысты көптеген елдердегі қылмыстық-құқықтық нормалар «əр елдің салты басқа» болуына байланысты өзге елдің құқықтық жүйесіне өзгеріссіз тікелей енгізуге болмайды. Адам саудасына қатысты Конвенциялар мен арнайы органның (Халықаралық миграция ұйымының – Трафикке қарсы бөлімінің) болуына, мемлекеттердің қылмыстық кодекстерінде арнайы норманың болуына қарамастан, аталған феномен бүкіл əлемге тарап, əлемдік қоғамдастықтың алаңдаушылығын тудырды. Мақалада адам саудасы қылмыстық құқық бұзуларының алдын алу практикалық жағына, адам саудасы мен оның құрбандарына, қылмыскерлерге қатысты, оның масштабына қатысты мəліметтердің жүйеленуіне, жаза жəне жаза жүйесін қайта қарау бағытында жұмыстар жүргізілуі қажеттілігін тұжырымдадық. Авторлар адам саудасына қатысты деректер тек қана статистикалық мақсаттарда жинақталып, сыртқы мүдделі тараптар үшін қатаң шектеу қойылуын дұрыс деп қорытындылайды. Жəне адам саудасымен күрес бойынша халықаралық ынтымақтастық əрі қарай да нығайтуды қажет етеді. Ол, өз кезегінде, мəселенің мəні мен осы бағыттағы нормалардың əрекет ету механизмдерін түсінуге, мықты заңнамалық база қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жыл сайын, халықаралық ұйымдардың мəліметтері бойынша, шамамен 40 миллион адам құлдықтың заманауи нысандарының құрбандары болып табылады, олар – мəжбүрлі некелесулер, көшіп-қонған əйелдерді пайдалану, заңсыз мигранттар, арзан еңбек күшін жеткізу жəне т.б. Сөзіміздің дəлелі ретінде 50-ден астам мемлекетте Халықаралық Еңбек Ұйымының «Еркін серуен» қорының Халықаралық Миграция Ұйымымен бірлесіп жүргізген зерттеулері бойынша, 2017 ж. 40 млн адам заманауи құлдықтың, оның ішінде 25 млн адам мəжбүрлі еңбектің, 15 млн адам мəжбүрлі некелесудің құрбаны болған жəне бұл мəліметтер адам саудасының масштабы мен деңгейінің қаншалықты жоғары екендігін көрсетеді. Соңғы онжылдықта жаһандану себебінен адам саудасымен байланысты қылмыстардың санының өсуі байқалады. Бұл процесс адам саудасына бір елдің шегінде де, халықаралық шеңберде де жол ашады. Адамдарды пайдалану үшін азғырып-көндіру, сыртқа шығару жəне транзит сияқты қылмыстық құқықбұзудың түрлерімен күрес халықаралық деңгейде ынтымақтаспай жүзеге асырылуы мүмкін емес, сондықтан бұл мəселелердің нормативтік реттелуін жəне елдердің адамдар трафигін жою жөніндегі өзара іс-қимылын қарау маңызды. Халықаралық қауымдастық құлдық пен құл саудасын заманауи түрдегі халықаралық қылмыс деп мойындады. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарында қылмыс пен қылмыстылық жайлы жарияланатын мəліметтердің де адам саудасына тигізетін ықпалын айта кетсе болады. БАҚ арқылы қандай да бір елде жоғары жалақы үшін еңбек түрін ұсыну халықтың əлжуаз топтарын ғана шетелдегі «керемет өмір мен жоғары жалақы туралы» ойын қалыптастырып, адамның шетелге асу мақсатын көздеуге, осы жолда əртүрлі көлеңкелі туристік жəне делдалдық қызмет көрсететін тұлғалардың қызметіне жүгінуіне итермелейтінін ескереді. Қазіргі уақытта БАҚ криминалды ақпараттарды құнды жаңалықтарға айналдырып, өздерінің негізгі өнімі етіп отыр. БАҚ құрылымдары елді елең еткізу мақсатында жаңалықтарда қылмыстар туралы елдегі қылмыстылықтың шынайы жағдайымен сай келе бермейтін түсінік қалыптастырады. Яғни, БАҚ өзінің ақпараттарды беру тəсілін өзгертуіне қарай, қылмыстар туралы ақпараттарды əртүрлі етіп жеткізеді. Оны қазіргі қазақстандық БАҚ-тардан да көріп жүрміз, яғни кейбір БАҚ фактіні қылмыс деп көрсетсе, екіншісі оны кездейсоқ табиғи жағдай деп көрсетеді.
R-ақпарат